Ұлытау облысында 27 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр
Ұлытау облысында 27 елді мекенді су басу қаупі бар, деп хабарлайды 24KZ. Ол жерлерде екі жарым мыңнан астам адам тұрады. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірге арнайы барып, көктемгі тасқынға қарсы атқарылған жұмыстармен танысты.
Ұлытау даласында қар қалың. Дегенмен жердегі тоңның қалыңдығы 60-70 см шамасында. Бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе төмен. Әрине, бұл босаңсуға негіз емес. Вице-премьер Қанат Бозымбаев өңірдегі Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Сарысу, Қараторғай секілді ірі өзендердің арнасын тікұшақ арқылы барлап өтті. Былтыр ондаған үйді су басқан Жезді кентіне барды. Қазір мұнда елді мекенді жарып ағатын өзеннің арнасын тазарту және жағалауын нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Қанат Бозымбаев өңірдегі бөгеттер мен су қоймаларының да жай-күйімен танысты. Ұзақ жыл жеке компанияның басқаруында болған Кеңгір су қоймасы жақында мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қанат Қазанбаев, сумен және жылумен жабдықтау кәсіпорнының өкілі:
- Су қоймасының жағдайы жалпы орташа деңгейде деп айтуға болады. Қазір біз мұндағы гидротехникалық жабдықтарға ревизия жүрізіп жатырмыз. Су өткізетін шлюздердің жағдайын алдағы күндері тексереміз.
Былтыр облысқа қарасты үш ауылда 22 үйді су басқан еді. Қызылсу жүрген аумақтар биыл ерекше назарға алынған. Облыс әкімдігі ұсынған ақпарға сәйкес 15 шақырым бөгет көтеріліп, 300-ге жуық жоласты су өткізу құбырлары тазартылған.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Арнайы жүргізілген талдау нәтижесі 5-6 ауылға қауіп төніп тұрғанын дәлелдеп отыр. Сондықтан ол ауылдар қатаң бақылауға алынсын. Егер қажет болса, бөгет тұрғызып, арық қазу керек. Қар шығару жұмыстарын жеделдетіңіздер. Бұл міндетті алдағы 10-15 күннің ішінде аяқтау қажет. Әр ауылда кемінде 10 арнайы техника мен 100 ден астам жеке құрам төтенше жағдайға әзір тұруы керек.
Синоптиктердің болжамы бойынша өңірде наурыздың соңына дейін күннің күрт жылынуы күтілмейді. Қар күндіз еріп, түнде қатады. Қанат Бозымбаев осы аралықта елді мекендердегі қарды толық шығарып үлгеру қажеттігін еске салды. Жауапты мамандарға отын, азық-түлік және медициналық құралдар резервін дайындауды тапсырды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов