«Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасымен 50 адам баспаналы болды
Жұмысшы мамандық иелерін қолдауға арналған «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы арқылы 50 адам баспаналы болды.
Бағдарлама 17 наурызда іске қосылды. Несие рәсімдеу әлі де жалғасып жатыр. Бірақ банк қызметкерлері лимит саны өте аз қалғанын атап өтті.
«Наурыз-жұмыскер» ипотекасын рәсімдей алатын мамандар тізімі 8 мыңнан асады. Ал несиелік бағдарламаға жалпы саны 2440 адам қатыса алады. Аз уақыт ішінде олардың жартысынан көбі өтінім беріп үлгерген.
Махаббат Сынасапова, "Отбасы банк" орталық филиалының бизнесті дамыту басқармасының маманы:
- Наурызда өтінімдер қабылданып басталды. 1 сәуірге дейінгі қазіргі ақпаратты айтатын болсам, 2055 адам өтінім берді. Жалпы сомасы 57,1 млрд теңгені құрайды. Өтінім берген азаматтар төлем қабілеттіліктерін растағаннан кейін 6 ай уақыт беріледі. 6 айдың ішінде ол кісілер өзінің ұнатқан баспаналарын таңдап, сатып алуы керек.
Сатып алатын баспана түрі бағдарлама шартында нақты көрсетілген. Қала орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардан қатысушы азаматтар тек қана алғашқы нарықтағы тұрғын үйлерді таңдай алады. Ал моноқалалар мен ауылдық жерде жаңадан салынып жатқан баспаналар аз немесе мүлдем болмауы себебінен мұндағы тұрғындарға екінші нарықтағы баспана алуға рұқсат бар.
Махаббат Сынасапова, "Отбасы банкі" орталық филиалының бизнесті дамыту басқармасының маманы:
- Бағдарлама шарты бойынша 2 млн теңге өтініш берер алдында депозитінде болуы керек. Және де жұмыс жасап жатқанына алты ай толуы керек. Себебі алты айлық табысы бар азаматтардың біз төлем қабілеті жеткілікті ме, жоқ па есептей аламыз. Дәл қазіргі таңда лимит өте аз қалды.
Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, елде 1,5 млн-ға жуық жұмысшы бар. Ал алдағы 5 жылда бұл сала мамандарына деген сұраныс тағы 403 мың адамға дейін өспек. Қазірдің өзінде жұмыс іздеушілер саны көп дейді мамандар.
Нысанбай Сисен, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
- Электронды еңбек биржасы порталы бар. Сол порталда жалпы жұмыс берушілерден барлығы 22 мыңға жуық жұмысшы мамандық саласынан бос жұмыс орындары жарияланған. Сонымен қатар сол порталда жұмыс іздеушілерден жұмысшы мамандықтар саласында 25 мыңға жуық азамат тіркелген. Бұл жерде жалпы жұмыс орнынан жұмыс іздеушілер саны көп.
Жұмысшы мамандықтар жылы еңбеккерлердің дәрежесін көтеру басты назарда. Ал «Наурыз жұмыскер» баспана алу бағдарламасы сол бағыттағы нәтижелі істердің бірі.
Мөлдір Молдағали