Қазақстанда күзет қызметін бақылау шаралары күшейеді
Елде жұмысын уақытша тоқтатқан күзет ұйымдары қару мен оқ-дәрілерді ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруы тиіс. Мәжілісте тиісті заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды.
Елде 4 мыңнан астам күзет ұйымы тіркелген. Депутаттардың айтуынша, қазір солардың 1186-сы жұмысын тоқтатып тұр. Заң жобасында ойық ұңғылы мылтықтарды ату сынағынан өткізіп, оқ-дәрі үлгілерінің бірыңғай дерекқорын құру көзделген. Сонымен қатар «өткізу жүйесін орнатуға ниетті мекемелер тек лицензиясы бар агенттіктермен келісімшарт жасауы қажет. Сонда нысандарды кәсіби мамандар ғана күзетеді», – дейді депутаттар.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір қызметін тоқтатқан мыңнан астам күзет ұйымының қарулары қайда немесе кімде екенін білмейміз. Онда қару ғана емес, арнайы жабдықтар да бар. Компаниялар оларды тиісті мерзім ішінде жергілікті полиция бөлімшелеріне тапсыруы тиіс. Біз қауіпсіздікті қадағалауымыз керек. Сондықтан қару мен оқ-дәрілерге бақылауды күшейту маңызды.