Қояндыда тасқынға қарсы шаралар өз нәтижесін берді
Қоянды ауылында да су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Елді мекенді қызыл судан қорғау үшін жалпы ұзындығы 4 шақырымнан астам айналма арнасы қазылды. Көшеде қар бұрынғыдай қалың емес. Өйткені былтыр салынған арықтар өз нәтижесін беріп жатыр.
Жылда әр көктемде тасқын қаупі Қоянды ауылының шығысы мен оңтүстігіндегі тоғандардан төнетін еді. Ішкі көшелердегі қар суынан аяқ алып жүре алмай жатқан сәтте сырттан келген қызыл су жұртты біраз әлекке салып келді. Бұдан былай бұл түйткілдің түйіні шешілді деуге болады. Өйткені бүгінде ауылды айналма арнасы жартылай қоршап, қорғап тұр. Ондағы ахуалды тексеру үшін жергілікті әкімдік мамандарымен бірге жол талғамайтын арнайы көлікке мініп, сыртқы судың ағысы мен бағытын бір шолып шықтық.
Қоянды – дөң үстінде емес, қазан іспетті жыра-сай мен ой ортасында орналасқан ауыл. Осы күнге дейін халықтың әбден әбігерге түсіп келгені де сондықтан. Бұл елді мекен орын тепкен жер – қарғынның табиғи жолы. Бірінші қауіп ішкі қардың еруінен төнсе, екінші қатер айнала қоршаған тоғандардан келеді. «Бірақ осыған қарамастан биылғы тасқынды болдырмау үшін жергілікті билік асқан жауапкершілікпен дайындалған», – дейді тұрғындар.
Ерік Бралин, Қоянды ауылының тұрғыны, жергілікті қоғамдастық мүшесі:
- Былтырғы жылы Қазақстанның басым бөлігінде су басу болды. Ол біздің Қоянды ауылын да айналып өткен жоқ. Сыртқы судың бәрі ауылымыздың ішіне кірді. Енді, шүкір, облыс басшысы Ахметжанов Марат Мұратұлына жанайқайымызды жеткіздік. Ол кісі өзінің басшылығымен ауылды айналып, канал қазып берді бізге.
Айналма арнасының ені 5-6 метр болса, тереңдігі кей жерлерде 7 метрге дейін жетеді. Осылайша қызыл су елді мекен ішіне кірмей, көп көлемі ауыл сыртына бағытталады.
Бұл қар суы Қоянды ауылының шығысындағы орманнан ағып жатыр. Осылайша айналма арнаға түсіп, Қоянды қоймасына құяды. «Бұл арқылы ауылдың ішкі көшелеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – дейді әкімдіктегілер.
Бақытхан Солтанбай, Қоянды ауылының әкімі:
- Ауласынан қар шығармау сияқты факторлар бар. Оны жоққа шығармаймыз. Нақты біздің ауылда үлкен жоспарға сәйкес жұмыстар жасалды. Ауыл ішінде қар суынан ешқандай қауіп жоқ. Нақты жұмыстар атқарылды.
Жалпы Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданы басшылығының ұсынысымен Қояндының бас жоспары жуырда өзгертілуі мүмкін. «Себебі кейбір тұрғындар жаз айларында судың өзегіне үй салады», – дейді ауыл әкімі. Осы олқылықтың алдын алу үшін сайда орналасқан жерлерді жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдалануға бермеу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар биылдан кешіктірілмей қолға алынады.
Жол талғамайтын көлікпен ауылдың оңтүстігіне де жеттік. Мұнда да жұмыстар қарқын алды. Нақтырақ айтсам, тоғайдағы қарды ШҚО мамандары шығарып, суды сорғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шлангілер арқылы қардың еріген суы да айналма арнасына түседі.
Шығыс Қазақстаннан келген мамандар наурыз айынан бері осында. Бұл бекетте су сорғылау қуаттылығы сағатына шамамен 400 мың литрге дейін жетеді.
Айта кеткен жөн, өткен жылы елдімекен ішінде жалпы ұзындығы 33 шақырымға тең арық пен су өткізуге арналған 90 құбыр салынды. Қазіргі жағдайдың көңілге қонымды болуы – бірінші кезекте Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің арқасы. Игі іске белсенді топтар мен жергілікті қоғамдастық мүшелері де атсалысып жатыр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Абдулхамит Бөлекбаев