Ертіс жағалауындағы 172 мың га аумақ маса-шіркейге қарсы дәріленеді
Биыл Ертіс өзені жағалауындағы 172 мың гектар алқап маса-шіркейлерге қарсы өңделеді, деп хабарлайды 24kz.
Дәрілеу жұмыстары әуеден де, судан да жүргізіледі. Қазір қажетті препараттар қоры алынып, мердігерлермен келісімдер жасалды.
Ал ғылыми сүйемелдеу тобы тоған-көлдерде жәндіктердің дернәсілдерін зерттеуге кірісіп кетті.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Күннің күрт жылынуы шіркей мен масалардың тез қанаттануына қолайлы кезең. Осыған байланысты ғалымдар фенологиялық бақылау мен зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Ал зарарсыздандыру шаралары осының қорытындысы шыққаннан кейін жүзеге асады.
Қанат Ахметов, ғылыми тәжірибелік орталықтың директоры:
- Ғылыми топ негізінен бүкіл облыс бойынша жасақталған. Яғни, мына Абай облысының шекарасынан бастап, бізге Ертістің кіруінен бастап РФ-ның шекарасына дейін қазір әрбір ауданда ғылыми топ өкілдері бар. Олардың тәжірибелері де бар. 2017 жылдан бастап осы жалпы Ертіс бойынша біздің облыс бойынша осы өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алқаптарды өңдеуге ұшақтар да жұмылдырылады. Қазір әуе компанияларымен тиісті келісімшарттар жасалып қойған. «Жаппай зарарсыздандыру 25 сәуірде басталады», - дейді мамандар.
Сағын Төлеутаев, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:
- 2025 жылы авиаөңдеудің жалпы көлемі 172 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың гектарға артық. Өңдеу көлемінің ұлғаюын ескере отырып, облыстық мердігермен қосымша техниканы тарту мәселесі пысықталды. Осылайша, ағымдағы жылы АН-2 ұшағының 10 бірлігі жұмылдырылады.
Қазір Павлодардағы көпқабатты үйлердің жертөлелері, жақын маңайдағы шағын су айдындары мен саяжай алқаптары масаға қарсы өңделіп жатыр. Бұл шаралар тұрғындардың тапсырысы бойынша атқарылады.
Әнуар Алшин, ғылыми топтың энтомологы:
- Масалар әдетте ылғалды немесе су басқан жерлерде көп кездеседі. Тұрғындардың өтінішінен кейін ғылыми топ жертөлені зерттейді. Жәндіктердің дернәсілдері анықталып жатса, шұғыл түрде өңдеу жүргізуге шешім шығарады.
Жалпы облыс аумағында маса-шіркейлермен күрес үш жылға есептелген келісім негізінде жүргізіледі. Осыған орай қоршаған ортаға зияны жоқ 182 мың келі биологиялық препараттар алынды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев