Қарағанды облысында 63 ауылда ішімдік сатылмайды
Қарағанды облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдардың саны жылдан-жылға артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Бүгінде өңірдегі 63 елді мекенде алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды. Ал 2025 жылдың соңына дейін бұл тізімге тағы 12 ауыл қосылмақ. Бұл оң өзгерістер – облыста жүзеге асып жатқан «Ішімдіксіз ауыл» жобасының нақты нәтижесі. Жоба аясында ауыл ақсақалдары мен полиция қызметкерлері күш біріктіріп, ішімдіктің таралуына және соған байланысты қылмыстарға қарсы күрес жүргізіп жатыр.
Қарақұдық ауылында соңғы 4 жылдан бері алкоголь өнімдері сатылмайды. Бұл – әлдекімнің қойған талабы емес, тұрғындардың өз қалауы. Қазір мұнда 640 адам тұрады. Ал ауыл жастары спортқа бейім.
Мирас Заруов, Қарақұдық ауылының тұрғыны:
- Қазір ауыл жастары спортқа көп ден қойды. Салауатты өмір салтын ұстанады. Сондықтан ауылда ішімдік ішетін жастар жоқ деп айтуға болады.
Ауылдағы той-томалақ та арақ-шарапсыз өтеді. Онда елдің үлкендері жастарға насихат айтып, спиртті ішімдіктің зиянын түсіндіреді.
Социал Жәкен, Қарақұдық ауылының тұрғыны:
- Үйлену той болсын, кез келген қуанышта ішімдік құйылмайды. Үлкендер қымыз-қымыран, жастар жағы тәтті сусындар ішеді. Ондай тойлар берекелі болады.
Игі жобаға жергілікті кәсіп иелері де қолдау танытқан. Қазір ауылдағы 5 дүкеннің ешбірінде ащы сусын сатылмайды.
Қарлығаш Хасенова, дүкен сатушысы:
- Әрине, 3 жылдың ішінде біз спирттік өнім сатқан емеспіз. Басында сұраушылар болды. Қазір ешкім сұрап келмейді.
Қарақұдық ауылының бұл тірлігі көпке үлке. Жалпы қазір өңірде осындай игі бастаманы қолға алған ауылдар саны 60-тан асты. Соңғы үш жылда бұл елді мекендерде бірде-бір заңбұзушылық тіркелген жоқ.
Жасқайрат Қайыров, облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Жобаны өткізу кезінде бірнеше қатар кездесу өткіздік халықпен. Енді қазір біз 2024-2025 жылдың 3 айлық қортындысы бойынша ол ауылдарды ішімдікпен байланысты ешқандай қылмыс болған жоқ.
Биыл өңірдегі үлгілі ауылдардың қатарына тағы 12 елді мекен қосылады. Қазір онда жергілікті халықпен және кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Аман Хамит