Бесқарағай ауданындағы өрт 1200 гектар аумақты шарпыды
Бесқарағай ауданындағы орман өрті бүгін сағат 8:00-де оқшауланды, деп хабарлайды 24KZ. Алдын ала болжам бойынша өрт 1200 гектар аумақты шарпыған. Оның 800 гектары дала, 400 гектары – орман алқабы.
Таңертең Абай облысының әкімі Берік Уәли Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдерімен өрттен зардап шеккен Морозов филиалының Соснов орманшылығына тікұшақпен әуеден бақылау жүргізді. «Тікұшақпен өртенген аумақтарды мұқият қарап шықтық. Өрттің толық тоқтатылғанына көз жеткізіп, елді мекендерге, тұрғындарға қауіпсіз болуын бақылауда ұстаймыз», – деді аймақ басшысы. Қазіргі таңда оқшауланған өртті толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысы мен Астана қаласынан қосымша күштер мен техника көмекке келді. Өртті сөндіру жұмыстарына 419 адам, 140-қа жуық техника жұмылдырылды.
Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттері, облыстық Полиция департаменті, «Семей орманы» мен «Ертіс орманы» мекемелерінің қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр. «Семей орманы» резерваты директорының айтуынша, өрт толық сөндірілген соң орман алқабы жанған қарағайлардан тазартылады. Содан кейін күлге айналған ағаштардың орнына жаңа көшет егіледі.
Дәулет Байболатов, «Семей орманы» резерватының директоры:
- Өрт толық сөнген соң қызметтік тескеріс жасаймыз. Сол арқылы орманға қаншалықты залал келгенін есептейміз. Сосын тазарту жұмыстары жүргізіліп, орманды қалыпқа келтіруге дайындық басталады. Тұрғындардан аса сақ болуларын сұраймыз, демалысқа шыққанда табиғат аясында от жақпауларын өтінеміз. Себебі қоршаған ортамызды аялау – біздің басты міндетіміз.