О. Бектенов геологтарға мемлекеттік наградалар табыстады

Елде тұңғыш рет геологтарға «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы» құрметті атағы берілді, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекеттік награданы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов сала мамандарына табыстады.

Жиында Үкімет басшысы ардагер геологтарға алғысын айтып, ел экономикасы құрылымындағы геологияның маңыздылығын атап өтті. Олжас Бектенов бүгін Мемлекет басшысы геологиялық қоғамдастықтың алдына көмірсутек әлеуетін тереңдетіп зерттеу бойынша маңызды міндеттер қойғанын мәлімдеді. Сондай-ақ салада жоғары білікті кадрларды даярлауға баса назар аударылатынын жеткізіп, соңғы 2 жылда түлектер саны 2 еседен астам өскенін айтты. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Биыл еліміздің тарихында алғаш рет геологтарға арналған мемлекеттік награда енгізілді. Бұл Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық дамуына қосқан сіздердің үлестеріңізге деген жоғары бағасы. Мамандардың жаңа буынына баға жетпес білім, тәжірибе және кәсіптің үздік дәстүрлерін үйреткен сала ардагерлеріне ерекше алғыс айтамыз.