БҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасына ₸5,5 млрд бөлінеді

Өз кәсібін ашқысы келетін, алайда қаржы тапшылығына байланысты қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген ауылдағы ағайынға «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері мол, деп хабарлайды 24kz.

Батыс Қазақстан облысының бір ғана Казталов ауданында өткен жылы 10 азамат 64 млн теңгенің несиесін алса, биыл ауданда 61 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ал жалпы Орал өңіріне аталған бағдарламаға биыл 5,5 миллиард теңге қаралыпты.

36 жастағы кәсіпкер Ербол Аяповтың жиһаз өндірісімен айналысқанына 5-6 жылдың жүзі болыпты. Алғашында дайын тауарды қаладан әкеп сатса, кейін біртіндеп жиһаз жинауды бастаған. Ал былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 9 млн теңге несие алып, қажетті қондырғыларын түгендепті. Бүгінде тек Казталов қана емес, көрші аудандарға жиһаз өнімдерін өткізіп отыр. Тіпті қаладан да тапсырыс түседі екен.

Ербол Аяпов, кәсіпкер:

- Жаңа станок Таиланд. Қасына профильдер кесетін станок алдық. Бағдарлама мебель жоба жасайтын, бұрын қолмен сызып жүрдік. Қазіргі заманға сай ғой 3D дизайнмен. Клиенттер қарағанда тапсырыс берген өнімін айналдырып қарағысы келеді ғой. Жақын аудандарға барамыз, Ақжайық ауданы. Орал қаласына да барамыз. Жасап-жасап алып барамыз да, ана жақтан құрып бере қоямыз.

Ал казталовтық тағы бір кәсіпкер Ақылбек Қабдығалиев «Ауыл аманаты» бойынша алған несиеге қаңылтырларды иіп, бүгіп, түрлі пішінге келтіретін станокқа қол жеткізген. Осы арқылы шатырдың суағарларын, өзге де қажетті бөлшектерін жасайды екен.

Ақылбек Қабдығалиев, кәсіпкер:

- Мұның көмегі көп. Бұрын қолмен иіп жүрдік. Көп уақыт алады. Мына станокқа салып әрбір сантиметр сайын иіп нетіп жүретін едік. Қазір мына құрылғы арқасында көп жеңілдік алайын деп жатырмыз. Бұрын тапсырыс береді. Біздер уақтылы жасай алмаймыз. Неге десеңіз, сондай ауқымда материал болған жоқ. Қазір түр-түрінен бәрін әкеп қойдық.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Казталов ауданында 61 жобаны жүзеге асыру көзделсе, өңір бойынша 500 жоба әзір екен. Облысқа бөлінген жеңілдетілген несиенің жалпы сомасы 5,5 млрд теңге.

Ержан Досмақов, «Ақжайық» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы:

- Әрбір селолық округте, аудан орталығында жобалық кеңселер бар «Ауыл аманаты» жөнінде. Ол жобалық кеңселер, оған кіретін белсенді азаматтар, ауылдардағы қоғамдық ұйымдар солар кіреді. Солар өздері ақылдаса отырып, қай бағытта қандай кәсіпкерге беру жөнінде ұсыныстар жасайды. Сол ұсыныстармен «Ақжайық» ӘКК» қаржы бөлеміз. Біз бұрынғыдай бірден тікелей келген кәсіпкерлерден, ниет білдірушілерден құжаттар қабылдамаймыз.

Облысқа қаралған қаржының 20% ауылшаруашылық кооперативтеріне лизингке техника алуға жұмсалмақ. Ал қалған қаржы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады. Егер бағдарламаның бастапқы жылдары мал шаруашылығына басымдық берілсе, енді өңдеу-өндіру, қызмет көрсету салаларына көбірек көңіл бөлінбек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақырап, Э.Аюпов