Көкшетауда «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды

Көкшетаулық зейнеткерлер бос уақытында спортпен шұғылданып, қолөнермен айналыса алады, деп хабарлайды 24kz.

Тіпті, компьютерлік сыныпта жаңа технологияларды меңгеру мүмкіндігіне де ие. Қалада «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Мұнда қазірдің өзінде 500-ге жуық адам тіркелді.

«Ақ бұлақ» деп аталатын әжелер хоры осыдан ширек ғасыр бұрын құрылды. Көптеген қалалық және облыстық байқауларда үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүр. Шығармашылық ұжымда 50-ден аса адам бар. Бірақ әжелер осы күнге дейін концерт ұйымдастырып, репетиция өткізетін жерден таршылық көріп келді.

Гүлзия Жанайдарова, «Ақ бұлақ» әжелер хорының мүшесі:

- Бұрын біз біресе ана залда, біресе мына залда жүрдік. Қазір бізге тамаша мынадай сарай ашты. Көп жақсылықтарымызды көріп, бір-бірімізді көріп, мынадай ғимаратқа келіп отырмыз. Мұнда өлең айтамыз, билейміз.

Орталықта кәсіп меңгеруге де болады. Мысалы, қолөнер үйірмесінде кәсіби шеберлер зейнеткерлерге ұлттық нақыштағы бұйымдар жасаудың қыр-сырын үйретеді.

Самал Қостанова, үйірме жетекшісі:

- Біз бұл орталықта зейнеткерлерге ұлттық нақышты жаңғырта отырып, қазіргі заманға сай киімдерге қолдана отырып, осындай бір бағытта жасаймыз және құрақ көрпе, текемет, жастық дегендерді басынан бастап күрделіге дейін үйрететін боламыз. Және соңында курсты өтті деген сертификат беріледі.

Есігін енді ашқан орталыққа келіп жатқандар қатары күннен күнге артып келеді. Бір аптада 500-ге жуық зейнеткер тіркеліп үлгерді. Бір ерекшелігі мұнда бір адам бірнеше үйірмеге қатыса алады.

Сұлушаш Ербатырова, зейнеткер:

- Мен қолөнерге ғана қатыспаймын, шамам келсе барлығына барамын. Осыдан кейін хорға қатысам. Ол менің бұрыннан мақсатымда хорға қатысқым келетін. Біз өзіміз ауылды жерден келдік қой. Міне, салт-дәстүрімізді жаңғыртып жатқанына, қазағымыздың қазақшылығын білдіріп жатқанына өте риза болып отырмыз.

Компьютерлік сыныпқа да сұраныс жоғары. Қариялар жаңа технологияларды меңгеруге құштар. Бұдан бөлек, ән, би, шахмат сияқты үйірмелер бар.

Бақыт Смағұл, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының  директоры:

- Алдағы уақытта орталық жанағы қарт адамдардың үлкен бір рухани орталығына айналады деп үміттенеміз. Өйткені біз осы қазір қолға алынған 10 шақты үйірмелермен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта үйірмелер саны көбейетін болады.

Қазір облыс орталығында 30 мыңнан астам зейнеткер бар. Биылдан бастап оларға көптеген жеңілдік қарастырылған. Яғни, демалыс орындарына жылына екі рет тегін жолдама беріліп, қоғамдық көліктерде ақысыз қатынай алады. Бұл мақсатта 1,5 млрд теңге бөлініп отыр.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко