Атбасар ауданында су тасқынына байланысты жағдай тұрақты

Ақмола облысындағы Жабай өзенінде су деңгейі төмендеді, деп хабарлайды 24kz.

Айта кетейік, соңғы екі күнде Атбасар ауданында ауа температурасы жоғарылап, жауын-шашын мол болды. Соның салдарынан дала жақтан келген судың көлемі ұлғайды. Сонымен қатар Жабай өзеніндегі су деңгейі айтарлықтай көтерілген еді. Қазіргі таңда жағдай тұрақталды. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, тұрғын үйлерді су басуы дерегі тіркелмеген. Жалпы, су тасқынына тойтарыс беруге 300-ден астам адам және 80-ге жуық техника жұмылдырылған.

Кенеш Әлімжанов, Атбасар ауданының әкімі:

- Қазір Жабай өзеніндегі су деңгейі азайып келеді. Құтқарушылар, коммуналдық қызметтер, әскери құрылымдар тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Әлі қауіп жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ даладан келген судың көлемі таусылып келеді. Сондықтан жағдай тұрақты.