Ақтөбе облысы Нұра ауылында әлеуметтік нысандар салынады
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Нұра ауылында биыл мәдениет үйі мен кітапхана, медициналық пункт салынады.
Шалғайдағы бұл елді мекенді былтыр су басқан болатын. Бірақ жарты жылда жаңа ауыл бой көтерді. Енді ауылда әлеуметтік нысандарда есік ашады.
Нұра ауылы тұрғындары күн жылығалы жұртта қалған үйлерін бұзып, пайдаға жарарлық құрылыс материалдарын шығаруға кіріскен. Тасыған өзен суы былтыр қара күзге дейін кеппеді. Су деңгейінің адам бойынан асқанын ғимараттың қабырғалары мен әр жерде қалған бағана-шарбақтарға жабысқан қамыс-қоғадан-ақ байқауға болады. Ауылда жалпы саны 117 үй су астында қалды. Тұрғындар аудан орталығына тікұшақпен жеткізілген.
Жаз шыға жергілікті билік жаңа ауылдың құрылысына кіріскен. Жалпы Ырғыз ауданында 120 үй салуға 5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Ал су басқан Нұра ауылы 11 шақырым жердегі Сарыоба аталатын орынға түгел көшірілді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Оқтаудай түзу көшелердің бойында қаз қатар тізілген 63 баспана 3 ай дегенде салынып бітті. Жергілікті тұрғындар бірден қоныс аударып, қыстап та шыққан. Енді Жаңа Нұра ауылының халқы көгалдандырып, жасыл желек отырғызуды жоспарлап отыр.
Ғизат Жылқыбаева, Нұра ауылының тұрғыны:
- Газын қондырып берді, светің жарқырап жанып тұр, байланысың бар, ыссы суың бар, мұздай суың бар. Кіріп келе жатқанда жарқырап, «елу жылда ел жаңа» деген көрдің ба енді? Жаңарып жатырмыз.
Тұрғын үйлермен қатар ауылда қайырымдылық қор қаражатына мектеп пен балабақша салынды. Білім ордасы дайын болғанша барлық сабақ онлайн өтті. 9 сынып оқушысы Гүлперзент Қуанышбекқызы су басқан ауылын әлі де қимайды. Дегенмен, су жаңа үйлер мен зәулім мектепті көріп, зор қуанышқа бөлендік,- дейді ол.
Гүлперзент Қуанышбекқызы, оқушы:
- Бұрынғы ауылымызға емес, басқа бір Американың штаттарына кіріп жатқан сияқты болдық. Сондай сезім болды келген кезде. Сырттан келген қонақтар да «басқа бір жерге келіп жатқан сияқтымыз» деп, біздің ауыл екеніне әлі сенбейді. Біздер қанша ай болды ғой орналасқанымызға. Көзіміз, етіміз үйреніп, бауыр баса бастадық.
Ауылда биыл медициналық пункт пен мәдениет үйі, кітапхана құрылысы басталды. Бұдан бөлек спорт нысандары да қажет.
Әділет Кенжебаев, Ырғыз аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:
- Қазіргі уақытта ауылымызға үлкен футбол алаңын салу жоспарлануда. Бұл бойынша енді осы 25-жылдың соңына дейін барлық жұмыстарды аяқтау жоспарымызда бар.
Жалпы Ырғыз ауданында былтыр 168 үй су астында қалған. Олардың 7-ін жөндеп, 120 отбасыға жаңа баспана тұрғызылды. Тұрғындардың өтініші негізінде 41 дайын үй сатып алынды.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов