Макинск қаласында су тасқынына байланысты жағдай тұрақталып келеді

Ақмола облысы Макинск қаласындағы су тасқынына байналысты жағдай біртіндеп тұрақталып келеді.

Десе де, қауіпсіздік шаралары әлі де жалғасып жатыр. Қазір шағын шаһардағы жер үйлер мен қала көшелері көлкіген судан тазартылуда. Дәл қазір аймақтағы әріптесем Абзал Азаматұлы бізбен тікелей байланысқа қосылуға дайын.

Аймақтағы жалпы ахуал қалай?

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Дәл қазір біз Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласындамыз. Соңғы екі тәулікте мұнда 30-ға жуық үйді су басты. Оған даладағы қардың күрт еруі мен жауынның бір айлық мөлшері жауғаны себеп болған. Қазір қарғын судын беті қайтты. Міне, үйлердегі су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмысқа 150 ден астам адам мен 10-ға жуық техника жұмылдырылған. Сондай-ақ Бұланды ауданына қарасты бірнеше елді мекенге де су кірді. Әсіресе Иванковка ауылында 6 үй су астында қалды. Бірден ол жердегі тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Біз осыған дейін ауылдардағы ахуал бойынша облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанмен сұхбаттасқан едік. Соған кезек берсек.

Мұрат Балпан, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:

- Қауіпті жағдай болды Капитоновка, Вознесеновка, Иванковка, Журнавлевка ауылдарындағы су деңгейі түсті. Қауіпті жағдай оларда жоқ деп есептеуге болады.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Бірақ облыс бойынша тасқын қаупі сейілді деп айтуға әлі ерте. Себебі қазір Қалқұтан өзенінің деңгейі көтеріліп келеді. Сондықтан негізгі күштік құрылым сол жаққа жұмылдырылды. Сондай-ақ аймақта жергілікті және облыстық маңызы бар 51 жолды су шайып кеткен. Қазір онда көлік қозғалысы шектелді. Жалпы аймақта су тасқынының алдын алуға 156 техника мен 300-ден астам құтқарушы тартылды. Олардың қатарында жергілікті мамандардан бөлек Қарағанды және Астана қалаларынан келген төтенше жағдай қызметінің өкілдері бар. Мендегі бар ақпарат әзірге осы.