Еліміздің энергетика саласы реформаланады
Энергетика саласын жаңғырту күтіп тұр, деп хабарлайды 24kz.
Алдағы 15-20 жылға межеленген ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін 200 миллиард доллардан аса инвестиция қажет. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарушы директоры Жақып Хайрушев: «Мұның маңызы зор», - дейді. Сарапшы елде үш АЭС салынатынын жеткізді. Қолданыстағы жылу электр орталықтарын жаңғырту және жаңасын салу – күн тәртібіндегі мәселе. Жаңартылатын энергия көздерін де көбейту керек. Желілік инфрақұрылымды дамыту маңызды. Маңғыстаудағы сутегі жобасын жүзеге асыру үшін 50-60 млрд доллар қажет. Алайда инвесторларды тарту оңай емес. «Бұл үшін мемлекеттік стратегия түзген абзал», - дейді сарапшы. Дәл осы бағытта Қытай, Еуроодақ, Орталық Азия елдері және Ресеймен ұзақмерзімді экспорттық келісім жасау керек. Сарапшы аталған жаңашылдықтар бастапқы кезеңде тарифке әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
Жақып Хайрушев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарушы директоры:
- Осындай ірі жобаларды жүзеге асыру барысында халық пен бизнеске арналған тариф өзгереді. Алайда, сауатты мемлекеттік стратегия инвесторлар мен тұтынушылардың сұранысын өтеп әрі қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік жасау керек. Бағаның өсуіне жаңа құрылыс шығындары, жүйені жаңғырту және экологиялық таза технологияларға өту шығындары әсер етеді. Біздің ойымызша, 2035 жылға дейін тариф 30-40% өсу керек. Бірақ инвестиция өтелсе, баға тұрақталады, тіпті АЭС, ЖЭК және сутегі арқылы алынатын энергияға қарай түсуі де мүмкін.