Әуежай қызметкерін кепілге алған адамға қатысты сот отырысы басталды
Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған ер адамға қатысты сот отырысы басталды.
Айыпталушы Машрапбек Баратовтың айтуынша, ол үйінен қосымша жұмыс іздеп шыққан. Сөйтіп әуежайға келген. Жолаушыларды көрген соң өзі де солармен бірге ұшып кетуді ойлайды. Бірақ қолында құжаты болмаған. Қызметкер одан жеке куәлігін сұраған кезде пышақпен қорқытып, тап берген. Полицейлерге жақындасаңдар, әуежайды жарып жіберем деп қоқан-лоқы көрсеткен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Ұшаққа туысын шығарып салып тұрған Мұса Әбдірайым есімді азамат қызға араша түсіп, құтқарып қалды. Еске сала кетейік, оқиға 7 наурызда Алматы әуежайында болған. 67 жастағы сотталушы кепілге алу, қару қолдана отырып бұзақылық жасау және терроризм актісі бойынша айыпталып отыр. Келесі сот отырысы 9 сәуірде өтеді.
Машрапбек Баратов, айыпталушы:
- Ол мені тоқтатып құжатымды сұрады. Мен 2-3 минутта қайтып келем деп жауап беріп, кете бергенімде жағамнан алып қайда барасыз деді. Сол кезде бәрі аяқастынан болып кетті. Мен оның шашынан қалай ұстағанымды байқамай қалдым.
Ботагөз Мұхтарова, жәбірленуші:
- Мен өз жұмысымды істеп тұрғам. Одан отырғызу талонын және жеке куәлігін сұрадым. Ол жақындап келіп, мені шашымнан тартып ұстады. Мен айғайлай бастап едім 3 минуттан соң әуежайда жарып жіберем деді.