Қазталов ауданында жеңіс мерекесіне орай 60 іс-шара өткізіледі
Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында Жеңістің 80 жылдығына арналған 60-тан астам мәдени-рухани іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Бағдарлама аясында концерттік кештер, театрландырылған қойылымдар, соғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. Атаулы күн қарсаңында аудан жастары мен еріктілерден құралған топтар батырлардың құрметіне орнатылған ескерткіштер мен мемориалдық тақталарды тазалап, қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Сондай-ақ аудан орталығында кәсіпорындар мен мекемелердің көркемөнерпаздар ұжымдары арасында өнер фестивалі өтті. Әрбір ұжым соғыс жылдарындағы әндер мен поэзиялық шығармаларды сахналап, музыкалық және театрландырылған қойылымдар арқылы көрерменге рухани әсер сыйлады.
Айдана Махамбетова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты мекеме, ұжымдар арасындағы өнер фестивалінің үшінші бағдарламасы өтті. Бірінші бағдарламасы 21 ақпанда бастау алған болатын. Енді сәуір айының аяғында барлық ұжымдардан ең үздік өнер көрсеткен номерлерді таңдап алып, гала-концертін өткізуді жоспарлап отырмыз.