Озёрный ауылына жаңадан ауызсу құбыры тартылды

Экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығы. Сол себепті ауылға көңіл бөлу міндет. Қарағанды облысындағы Озерный ауылына жаңадан ауызсу құбыры тартылды. Жоба «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Осылайша, ұзақ жылдар бойы тіршілік нәрінен таршылық көрген елдімекен тұрғындарының мәселесі шешімін тапты. Жарты ғасыр бұрын салынған құбыр әбден тозып, ауылдағы ағайын күнара суыз қалатын еді.

Жұртшылық бұл күнді ұзақ күтті. 50 жыл бұрын салынған ескі құбыр екі күннің бірінде жарылатын. Қазір жаңа құбырдың ұзындығы 60 шақырымға жуықтайды. Тұрғындар суды орталық желі арқылы үйлеріне кірігісіз алған.

Қажымұхаммед Әкімжанов, Озёрный ауылдық округінің әкімі:

– Бұрында ауылымызда ауызсу бірінші проблема болатын . Себебі бір күні бар, бір апта су жоқ. Қазіргі таңда ондай проблеманы ұмыттық. Халқымыз риза, таза су. Ешқандай ақаулары жоқ. Толығымен санэпид станциялық нормаларға сәйкес.

Елдімекенде сыйымдылығы 1200 текше метр болатын резервуар да жаңартылды. Ұңғымадан сұрылған су осында жиналып, одан тұтынушыларға жіберіледі. Жаңа ұңғыманың жұмысы толық автоматтандырылған. Мамандар сорғыларды қашықтан арнайы қосымшалар арқылы басқарады. 750 тұрғыны бар ауылда осыған дейін судың қысымын арттыру үшін арнайы сорғылар қолданылған. Енді оның қажеті болмайды, - дейді тұрғындар.

Татьяна Винниченко, Озёрный ауылының тұрғыны:

- Судың қысымы өте жақсы. Еш мәселе жоқ. Су құбыры жаңартылған соң үйіме автоматты түрде жұмыс істейтін кір жуғыш машина сатып алдым.

Биыл Осакаров ауданындағы тағы екі ауылда жаңа су құбыры салынады. Қазір облысқа қарасты ауылдардың 98%-ға жуығы ауызсумен қамтылған. Биыл ауылдық жерлерді сумен жабдықтау бойынша жеті жоба жүзеге асырылады. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит