Татар-башқұрт орталығының құрылғанына 30 жыл

Қостанайда «Дуслык» татар-башқұрт орталығының 30 жылдығына орай мәдени-мерекелік шара өтті.

Түбі бір туысқан ұлт өкілдері жиналған жұртқа өздерінің салт-дәстүр, әдет-ғұрпы жайлы сыр шертіп, өнер көрсетті. Ұлттық бұйым-заттар көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.

Қостанай облысында шамамен 20 мың татар-башқұрт ұлт өкілі тұрады. Дені тілі мен дәстүрінен ажыраған емес. Этномәдени бірлестік құрамында тіпті татар мәдениетіне қызығушылық танытып жүрген өзге ұлт өкілдері де бар. Мысалы Анастасия Раисованың ұлты украин. Төрт жылдан бері татар әндерін насихаттап жүр.

Анастасия Раисова, «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Татар отбасына келін болып түскелі, ұлттық салт-дәстүр, мәдениетке көңіл бөле бастадым. Бастапқыда тіл білмейтінмін. Ән сөздерін жаттау арқылы, түсініп, сөйлеу денгейіне жеттім. Қазір репертуарымда бірнеше халық әндері бар.

Қостанайдағы татар-башқұрттар ұлттық салт-дәстүрге бекем. Әр мерекені ұйымшылдықпен, жоғары денгейде атап өтеді. Әсіресе жыл сайын болатын Сабантой тіпті халықаралық деңгейде тойланады. «Мұның бәрі өзге ұлыстарды өгейсітпеген қазақ халқының дархан мінезінің арқасы», дейді этномәдени бірлестігінің төрағасы Ринат Бектеміров. Оның айтуынша, түркі тілдес халықтардың тұрмыс-тірлігінде ұқсастық көп.

Ринат Бектеміров, «Дуслык» татар-башқұт этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Мынау етік былғарыдан жасалған ұлттық аяқ киім. Қазақтар өңделген теріні былғары дейді. Тарихтан белгілі татарлардың арғы тегі-булгарлар. Олар кезінде тері илеудің хас шеберлері болған. Сол былғары атауы булгардан шығып отыр деген тұжырым бар.

Жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір кешіп жатқанына Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесі зор. Еліміз бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді, – дейді ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып.   

Қалқаман Жақып, ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы: 

- ҚР бүгін әлемдегі бейбіт елдің бесігіне айналған ел. Неге? Өйткені 100-ден астам әртүрлі ұлттың өкілдері, этностардың басын қосып олардың жаңағы бірлігіне, түсіністігіне, ынтымақтастығына барлығына кепілдік беріп отырған, ең бірінші кезекте біздің мемлекетіміздің этнос аралық қатынаста ұлт саясатының дұрыс жолда екендігін көрсетіп отырмыз.

Татар-башқұрт орталығының 30 жылдығына арналған шаралар жалғасын таба бермек. Сәуір айының аяғына таман Татарстаннан белгілі өнер иелерін шақырып, үлкен концерт ұйымдастыру жоспарланған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров