Сыр өңірінің соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қызылорда өңірінен 150 мың адам аттанса, олардың  60 мыңы ғана елге оралды.

Бүгінде Сыр өңірінде көзі тірі екі ардагер бар.  Солардың бірі – Яхия Тасыров. 

Яхия Тасыров 1922 жылдың қаңтар айында Сырдария ауданының Асқар Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскер қатарына алынып, одан әрі майданға аттанды.  Автоматшылар ротасында болған майдангер жау қолына өткен бірнеше қаланы азат етуге қатысқан.

Яхия Тасыров, соғыс ардагері:

- Құдай соғысты болдырмасын. Соғыс дегенің атымен құрысын. Құдай біздің көргенімізді дұшпанымыз да көрмесін. Жылаған да күн болды, қуанған да күн болды. 1941 жылы алындық, соныменен бүкіл Беларуссияны тазалап шықтық, Польшаны тазаладық.  Одан немістің жеріне шығып, ол қаланы көше бойы соғыста снарядтың оғынан жарақат алдым, ауыр жарақат.

Жеңіске санаулы күн қалғанда Берлин түбінде жарақаттанған Яхия Тасыров дәрігерлердің көмегімен аяққа тұрады. Елге келгесін әскери даярлық пәнінен сабақ береді. Кейін бірқатар өндіріс орнында жұмыс істеді.  Ауданның дамуына еселі еңбек сіңірген ардагерге Сырдария ауданының құрметті азаматы атағы берілген. Яхия қартты ауылдастары «батагөй ақсақал» деп атайды екен. Кеудесі қазынаға толы қария әрдайым кіші буынға өнеге болар өсиет айтудан жалыққан емес, - дейді олар. Оның шаңырағына ұстаздар мен оқушылар жиі іздеп келіп, тағылымды әңгімесін тыңдауды дәстүрге айналдырған.

103 жастағы соғыс ардагерінің денсаулығына шағымы жоқ. Дегенемен аудандық аурухананың дәрігерлері үнемі бақылап отырады. Бұл жолы да майдангердің жүрек қағасы мен тамыр соғысын тексеріп шықты.

Майдангерге түрлі мерекелерде сый-құрмет жасау үрдіске айналған. Ал биыл, Жеңістің 80 жылдығына орай, 5 миллион теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек беріледі, - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев.