Дауыл салдарынан Алматыдағы ботаникалық бақ жабылды
Алматыдағы дауыл салдарынан қаланың бас ботаникалық бағы жабылды, деп хабарлайды 24kz.
Оның жұмысы әзірге екі күнге тоқтатылады. Мұндай шешім тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалды. Себебі кеше екпінді желден 60-70 жыл бойы өсіп тұрған 10-ға жуық қарағай мен шыршалар құлады. Дауыл оларды түп орнымен қопарып кеткен. Қазір бақта арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар сондағы жасыл желекке түгелдей сараптама жүргізеді.
Владимир Эпиктетов, Ботаникалық бақтың дендрология бөлімінің аға ғылыми қызметкері:
-Бізде комиссия тұрақты түрде жұмыс істейді. Осындай жағдайда шығып, қайсы ағашты кесу керек, қайсысын апатты деп тану керек, солар қорытынды шығарып, хаттама толтырады. 1-2 күннің ішінде бақты қалпына келтіреміз. Қазір құлаған ағаштарды кесіп, шығарып жатырмыз.
Еске сала кетейік, кеше Алматыда секундына екпіні 20 метрге дейін жететін жел соғып, нөсер жауды. Желдің күшті болғаны соншалық, көпқабатты үш үйдің шатырын жұлып кетті. Отызға жуық ағаш құлап, бірнеше көлікті басып қалды. Дауыл электр желілерін үзіп, билбордтар мен жол белгілерін құлатып кетті.