«Жастар тәжірибесі» жобасына кіретін мамандықтар тізімі кеңейтіледі.

Соның ішінде кәсіптік бағытқа көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Ал олардың жалақысы кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады. Жауапты министрлік жаңа қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Дарина графикалық дизайнер мамандығын тәмамдаған. Алайда бірден тұрақты жұмысқа орналасу оңай болмапты. Өйткені жұмыс берушілердің көбі еңбек өтілін талап еткен. Бұл тұста оған «Жастар тәжірибесі» жобасы демеу болды. Осы бағдарлама аясында «Атамның аманаты» ұйымына жолданды. Жас маман мұнда бір жылға дейін еңбек ете алады.

Дарина Жексенбаева, жас маман:

- Мұнда өз мамандығыма тікелей қатысты міндеттерді орындаймын. Яғни, баннерлер дайындаймын, әлеуметтік желілерге қажетті материалдардың үлгісін әзірлеймін. «Жастар тәжірибесі» жобасы жайлы бірге оқыған достарымнан естідім. Солар маған кеңес берді. Келгеніме өкінбеймін. Мол тәжірибе жинайтыныма сенемін.

«Атамның аманаты» бірлестігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде із-түссіз кеткен майдангерлерге қатысты мәліметтер жинаумен айналысады. Ұйым биыл «Жастар тәжірибесі» жобасы үшін 9 орынға өтініш берген. Соның негізінде қазір мұнда әзірге 5 маман тәжірибе жинап жатыр.

Марфуза Сүлейменова, «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігі еріктілер желісінің басшысы:

- Былтыр біз «Жастар практикасына» жастарды таба алған жоқпыз. Биыл енді колледжден, міне, жастарымыз келіп жатыр. Өте білімді. Қазір жастар интернетті де, өз жұмыстарын да жақсы біледі. Штатқа, енді ол жағын қазір айта қоймаймын, себебі 2025 жылға штатымыз толық. Енді 2026 жылға қандай штат белгіленеді, сонда ғана белгілі болады.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасына «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары біріктіріледі. Өйткені бұлардың негізгі мақсат-міндеттері ортақ. Бағдарламаларға қатысатын жұмыс берушілерді жергілікті әкімдіктер анықтайтын. Енді өтініштердің бәрін жасанды интеллект сараптайды. Осылай сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу көзделген.

Аяулым Берекенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

- Жасанды интеллект өзі анықтау үшін жұмыс берушілерге 3 талап қойылса, біз солардың санын 14-ке дейін жеткіземіз. Ол жерде, мысалы, кейбір жұмыс берушілер өздері таратылуға өтінім берсе де, ликвидацияға немесе банкроттыққа өтінім береді де, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға тағы өтінім береді. Сондай жұмыс берушілердің қатысуын шектейміз.

Бағдарлама қатысушыларының жалақысы бұрын 30 АЕК мөлшерінде ғана болса, енді ең төмені осындай болу керек. Яғни, үстемақылар қарастырылады. Бұған қоса, жобаға енгізілетін мамандықтар тізімі кеңейтілмек.

Аяулым Берекенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

- «Жастар практикасы» тек колледж бен университет бітірген түлектерге ғана арналған болса, енді мектеп бітірген түлектер бар ғой, соларға да қосымша квоталар бөлеміз. Диплом ештеңесі жоқ, бірақ олар қысқамерзімді курстар арқылы бір мамандық меңгереді ғой, шаштараз, маникюр деген сияқты. Сол мақсатта екінші категория шығарамыз.

Тиісті қаулы жобасы 15 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады. Егер бекітілсе, мамыр айынан бастап өзгерістер іске асырылады. Айта кету керек, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жыл сайын 40 мың квота бөлінеді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Әлиев