Қаржылық мониторинг агенттігі жанар-жағармай тасымалының көлеңкелі жолын жойды
Қаржылық мониторинг агенттігі ағаш пен темір экспортының заңсыз жолын кесіп, жанар-жағармай тасымалдаудың ірі схемасын жойды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Мұны Мемлекет басшысының қабылдауында болған Агенттік төрағасы Жанат Элиманов мәлімдеді. Оның айтуынша, орган 300 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, зардап шеккен азаматтарға 20 миллиард теңгеге жуық өтемақы қайтарған. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың 2 миллиард теңгеден астам криптовалюта түріндегі қылмыстық табыстары бұғатталды. Ұйымдасқан 6 қылмыстық топ жойылды. Олардың бірі – трансұлттық топ. Оған қоса, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда 23 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді. Сондай-ақ Агенттік заңсыз жұмыс істеген шағын қаржы ұйымдарының желісін анықтады. Олардан 327 мың азамат зардап шеккен. Келтірілген залал мөлшері – 30 миллиард теңге. Агенттік төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жастармен жүргізілген жұмыс жайлы да хабарлады. Атап айтқанда, 500 мың оқушы мен 100 мыңнан астам студентке қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақтар өткізілген. Кездесуде Мемлекет басшысы экономикалық құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты бірқатар тапсырма берді.