Дженнифер Лопестің Астанадағы концертінен қазынаға ₸400 млн кіріс түседі
Үкімет отырысында елді елең еткізген тағы бір жаңалық айтылды. Әлемдік шоу-бизнес өкілдерінің Қазақстанда концерті өтеді екен, деп хабарлайды 24kz.
Дженнифер Лопес, Крэйг Дэвид секілді әлемге танымал әншілердің елордаға келетіні рас па?
Әдетте нақты есептен тұратын Үкімет отырысы бүгін өзгеше болды. Жауаптылар қалай да туристерді біздің елге көптеп тартуға білек сыбана кіріскен. Соның бірі – Дженифер Лопестің концерті. Әлемдік шоу-бизнестің жарқын өкілі 1 тамызда Астана Аренада ән кешін өткізеді.
Мәлік Хасенов, «Астана концерт» компаниясының продюсері:
- 13 шілдеде Астанада Крэйг Дэвид секілді шетелдік және отандық жұлдыздардың қатысуымен ауқымды концерт өтеді. Ал 1 тамызда Астана Арена стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопес ән шырқайды. Кеш толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылады. Мұндай ауқымды іс-шаралар жергілікті қонақ үйлер, мейрамханалар мен басқа да қызмет көрсету салалары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Туризм – жай ғана ойын-сауық емес, елге инвестиция тарту көзі», - дейді маман. Тіпті әншінің концерті ойдағыдай өтсе, бюджетке қанша қаржы түсетінін есептеп қойыпты. Яғни, 400 млн теңге салық түседі-мыс. Ол Дженнифер Лопес секілді мега-жұлдыздардың келуі біздің ел үшін ғана емес, Орталық Азия үшін тарихи оқиға деп бағалады.
Былтыр Қазақстанда саяхаттаған азаматтар саны 25 млн-ға жеткен. Жартысынан көбі шетелдік. Сондықтан әлгіндегі жаңалықтан соң көрсеткіш еселенуі бек мүмкін.