Елімізде агротуризмді дамытуға ден қойылады

Тауда демалатын турист бір күнде 350 доллар жұмсайды. Яғни, біздің ақшаға шаққанда шамамен 200 мың теңге. Бұлхалықаралық статистика, деп хабарлайды 24kz.

Демалыстың мұндай түрі ел қазынасына айтарлықтай табыс әкеледі. Біздің елдің де тау туризмін дамытуға әлеуеті жетеді. Сондықтан Президент тапсырмасымен Алматы тау кластерін дамыту жобасы әзірленді. Бүгін Үкіметте туризмді түлету мәселесі қаралды.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Үкімет саланы серпілтудің 3 негізгі бағытын айқындады. Соның бірі Шучинск Бурабай курорттық аймағын дамыту. Биыл кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін қазынадан 3,5 млрд теңге бөлінді. Оған Конгресс орталығы салынып, туристік бағыттар ұлғайтылады. Халық көп баратын нысандар аумағы абаттандырылып, жағажайға инженерлік желілілер тартылады.

Ербол Мырзабосынов, ҚР туризм және спорт министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – тау туризмін дамыту. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тауда демалатын туристердің орташа шығыны 350 АҚШ долларға тең. Бұл көрсеткіш жағажай туризмінде 50 АҚШ долларын құрап отыр. Бірқатар басқа өңірлерде, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында тау туризмін дамыту әлеуеті зор. Осыған байланысты министрлік Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, тау туризмін дамытуды пысықтауды бастады.

Енді әкімдер Ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу бойынша өкілеттік алады. «Бұл өңірлердегі туризмнің тынысын ашуға сеп», - дейді министр. Сонымен қатар фермерлерге агротуризммен айналысу құқығын беру қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда елде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бастама ауылдарда қосымша жұмыс орындарын құрып, елді мекендердің әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Маңғыстауда жағажай туризмімен қоса, агроэкотуризмді дамытуды жоспарлап отырмыз. Агротуризм – туризмнің үлкен бағыты. Қазір Үкімет заңға өзгеріс жасап, әрбір ауыл шаруашылығына туристерді қабылдауына мүмкіндік берейін деп отыр. Қаладан да үлкен тұрғын аймақтардан шетке шығатын болсақ, ол жерде кішігірім ауылшаруашылық бар, фазендаға барып тоқтайды. Ол үлкен бір қозғалыс береді деген үміттеміз.

Туризмді цифрландыру бойынша да ауқымды жұмыс күтіп тұр. Алдағы 4 жылда Қаскелең және Түрген демалыс аймағында байланыс желілерін дамыту жоспарланған. Ал биыл Ақтаудағы туристік мекендердің 60%-і 5G интернет желісімен қамтылады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы қонақүйлер мен саяхатшылар жиі аялдайтын орындарында қосымша Wi-Fi-нүктелері орнатылады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Туристік салада жасанды интеллекті нарығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен жөн. 2024 жылы оның көлемі 3 млрд долларға бағаланып, 2030 жылға қарай 13 млрд долларға жетеді. Слайдта көрсетілгендей цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телеком операторларымен басым туристік орындарда жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтасыз етеді.

Туризмді түрлендіріп, демалушыларға жайлы жағдай қалыптастыру күн тәртібінен түспек емес. Бұл жайында Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Жиын соңында Үкімет басшысы Олжас Бектенов қолға алынған бастамалардың аяқсыз қалмауын тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Көлік, сауда, Ұлттық эномика туризм министрлігі мен әкімдіктер жол бойындағы сервисті жақсарту жұмыстарын жалғастыру қажет, күрежолдың бойындағы дәмханалар, жанармай құю бекеттері қабылданған стандартарға сай болуы керек. Сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ержан Қанапияұлы