Сенат депутаттары Үлкен Алматы автожолының жұмысымен танысты
Сенат депутаттары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының жұмысымен танысты, деп хабарлайды 24kz.
Жалпы ұзындығы 66 шақырым болатын техникалық санаттағы жол екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Қазір бұл жолмен күніне 80 мыңға жуық көлік қатынайды. «Бұл әуелгі жоспарлағаннан екі есе көп», - дейді мамандар. Қазақстанның транзиттік әл-ауқаты жоғары. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке логистика мәселесін дамытуды тапсырған. Бірінші кезекте жолдың сапасы маңызды. Ел бойынша 96 мың шақырым жол бар.
«Сапасыз салынғандарды жыл сайын қайта жөндейтін болсақ, жол мәселесі ешқашан шешімін таппайды», - дейді Сенат депутаты Әлібек Нәутиев.
Әлібек Нәутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Қазіргі қойылып отырған талап – жолдың салынғандағы өзінің қызмет ету жылдарын көбейту. Оның сапасын жақсарту бағытында мәселе қоюымыз керек. Оның ішінде бізде инертті материалдар дайындау, мысалы қазір Қазақстанда битум жетпейді, оны Ресейден тасымалдап жатырмыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты қызығушы жақ бар, Үкімет бар тиісті өкілетті органдар бар, бәріміз бірігіп, осы мәселені шешуіміз керек деп есептейміз.
Отандық үлесті арттыру – ортақ міндет
Бұдан кейін Сенат депутаттары желдеткіш зауытын аралады. Кәсіпорын Орталық Азия бойынша желдету және климаттық техника өндіруде алдыңғы қатарда. Өндіріс толық автоматтандырылған. Бірақ желдеткіштің бірқатар қосалқы бөлшегі шетелден алынады. Осыған орай депутаттар қазақстандық үлесті арттыруды ұсынды.