ШҚО-да 30 мың студент қаржылық сауаттылығын арттырады

Шығыс Қазақстандаекі аптада 30 мың студент қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша тәжірибелі мамандардан дәріс алады, деп хабарлайды 24kz.

Цифрлық технология қарыштаған заманда алаяқтардың қармағына ілінбеудің қыр-сырына үйрететін іс-шараны облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды. Алғашқы семинар С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттеріне арналды. Басқосуға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, бұл мәселенің өзектілігіне тоқталды.

Жиналған жастарға алдымен күн сайын түрленіп жатқан алаяқтық әдістері туралы айтылды. Әсіресе, мамандар дроппер болудың қаупі мен салдарын талдап, көрсетіп берді. Сұрақтарға жауап беріп, ашық әңгіме өткізді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеңіл ақша табудың артында күдікті де күмәнді схема тұратынын айтып сақтыққа шақырды. «Семинардың көздегені де осы», - дейді ұйымдастырушылар. Студенттерге алаяқтардың арбауына түспеудің әдістерін насихаттау.

Арман Жүнісов, ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы:

- Қазіргі жастарды қызықтыру үшін біз олардың өз тілінде сөйлеп жатырмыз, сабақ бәрі жастарға әдептелген. Сегіз жүз адам, студент қатысып жатыр, сұрақтарын қойып, жауап беріп интерактивті сабақ ретінде өткізіп жатырмыз.

Білгенге бүгінгі дәрістің берері көп. Әрі бұл алда өтетін Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі Ұлттық олимпиадаға дайындық десе де болады. Сауатын арттырған үздік студенттер болашақта халықаралық сайысқа аттанады.

Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:

- Ұлттық олимпиадаға Аманжолов университетінен 130 студент қатысатын болады. Ол студенттер түрлі турдан өтеді. Бірінші онлайн тестілеу екінші эссе, үшінші шахмат немесе интеллектуладық ойындар.

Жастар ақпараттың заман ағынмен қауіптің де артқанын түсінеді. Сондықтан осындай басқосулардың жиірек болғанын құптайды.

Жігер Сәрсенбаев, студент:

- Цифрландыруға көбінесе жастар жағы үйір болғандықтан, кейінгі жастардың сауатты болуы маңызды. Қазіргі заманда көпшілік жастарға дропперлер дейді, солар көбірек әсер етеді.

Сонымен алдағы екі апта ішінде өңір студенттері қаржылық қауіпсіздік негіздерімен танысып қана қоймай, қолда бар қаражатын қорғау тәсілдерін де меңгереді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов