Алматы әуежайында адамды кепілге алған айыпталушының ісі прокурорға қайтарылды
Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған күдіктіге қатысты сот процесі жалғасуда.
Бүгін Түрксіб ауданының соты қылмыстық істі қайта тергеуге жіберу туралы шешім қабылдады. Сотталушының өз кінәсын толық мойындамауы, істі сотта қарауға кедергі келтірген. Ал Баратовты қамауда ұстау шарасы өзгеріссіз қалды. Айта кетейік, 7 наурыз күні Алматы әуежайында 67 жастағы Машрапбек Баратов әуежай қызметкерін кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезеген болатын. Сондай-ақ әуежайды жарып жіберетінін айтқан. Күдіктіге қатысты Қылмыстық Кодекстің, бірден үш бабы бойынша айып тағылып отыр. Ол-кепілге алу, қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған хабарлау.
Дастан Әлмағамбетов, Түрксіб аудандық сотының судьясы:
- Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп тексеру бойынша қылмыстық іс - қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сай бұзушылықтарды жою үшін прокурорға қайтарылсын. Баратов Машрапбек Закировичке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау шарасы өзгеріссіз қалдырылып, іс прокурорға түскен сәттен бастап 1 айға ұзартылсын.