Қазақстанда несие беру шарттары өзгереді
Енді несие рәсімдегенде әрбір азамат банкке немесе микроқаржы ұйымдарына өзі баруы міндеттеледі, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ азаматтарға 24 сағат ішінде алған несиесінен бас тарту мүмкіндігі беріледі. Бұған дейін Мәжілісте алаяқтардан сақтанып, тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қаралған болатын. Таныстырылған заң жобасына сәйкес, клиенттің қосымша келісімін алу көзделді. Егер талаптар сақталмаса, онда банк немесе микроқаржы ұйымы кредитті сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруға тиіс. Ал қаржы ұйымдары тарапынан биометриялық сәйкестендіру рәсімін бұзу, алаяқтыққа қарсы талаптарды елемеу және клиенттің жеке деректерін заңсыз қолдану жағдайларында, сот арқылы есептен шығару жаңа тетігі пайда болады.
Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Түзетулер аясында алаяқтыққа қарсы Антифрод орталыққа қатысушылар тізімі кеңейтіледі. Оның құрамына құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары қосылады. Антифрод-орталықтың деректер базасына енгізілген жеке тұлғаларға қаржылық қызметтердің шектеулі тізімін ұсынылады. Тізім телефон алаяқтығымен күресу үшін абоненттің тіркелген нөмірін растау мақсатында байланыс операторларының деректер базасымен біріктіріледі. Сондай-ақ ұялы байланыс абонентімен байланыс қызметтерін көрсету шартын жасасу кезінде міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Байланыс саласындағы уәкілетті органның GSM шлюздерін әкелу, тіркеу, іске асыру және пайдалану қағидаларын бекіту бойынша құзыреті кеңейеді.