Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысы ашық өтті
Шерзат ісіне қатысты келесі сот отырысы 17-18 сәуір күндері өтеді.
Бұл туралы Талдықорғанда өткен соттың алдын ала тыңдалымы кезінде судья Ержан Жанұзақов айтты. Ашық, онлайн форматында көрсетілген отырыста тараптардың талабы сұралды. Жәбірленушілер іс Алматы облысында қаралса деген өтініш айтты. Бірақ судья күдіктілердің Жетісу облысындағы оқшаулау орнында отырғанын алға тартып, олардың өтінішін қанағаттандырмады. Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушының актісі таныстырылды. 9 күдіктінің екеуіне адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу бабы бойынша, қалғандарына бұзақылық және бір жасөспірімге қылмысты хабарламағаны үшін айып тағылғаны айтылды. Осыған қатысты жәбірленушілер өз пікірін білдірді.
Перизат Нұрымова, Ш. Полаттың туысы:
- Ол кісілер жеке-жеке баппен сотталып жатыр. Бірақ олар бір топ адам болып келді. Бір топ адам болып бала өліміне жауапталуы керек. Біз көп нәрсені сұрамаймыз. Тек ғана әділдік. Заң аясында тәртіппенен. Заң бәрімізге ортақ. Сол себепті жауап бергендерін қалаймыз.