Ақмола облысында су тасқыны қаупі сейілді
Ақмола облысындағы Жабай және Қалқұтан өзендеріндегі су деңгейі төмендеп, тасқын қаупі сейілді.
Дегенмен, қауіпсіздік шаралары әлі де жалғасады. Өзен бойындағы бөгеттер нығайтылып, қала көшелері судан тазартылып жатыр.
Бұл Астрахан ауданына қарасты Ескі Колутон ауылы. Қазір елдімекендегі жағдай тұрақтала бастады. Арнасынан асқан Қалқұтан өзені де сабасына түсті. Тасқын судан зардап шеккендер жоқ. Үйлерге де су кірмеді. Төрт түлік те аман.
Сайран Есеева, Ескі Колутон ауылының тұрғыны:
- Бұл жылда келетін су ғой. Былтыр мен биыл су қатты келді. Группа поддержки да мықты болды. Мчс, полиция да осында, министерство, районның бастықтары бәрі қорықпай, халықпен бірге күні түні тік жүрді.
Былтырғы тасқыннан кейін Қалқұтан өзені тазартылған еді. Қазір өзен түбі 4 метрге дейін тереңдетіліп, арнасын кеңейтілген.
Жанатхан Дәулеткерей, Ескі Колутон ауылының әкімі:
- Судың беті қайтты. Қазір ешқандай қауіп жоқ. Су кетіп жатыр. Бір суткада 18 сантиметр су түсті.
Атбасарлықтар да былтырғы тасқынды ұмыта қойған жоқ. Содан бері шағын шаһарда біраз жұмыс істелді. Тасқын қаупі жоғары жерлерде тұратын 200-ге жуық отбасына баспана беріліп, қауіпсіз жерге көшірілді. Жабай өзенінің түбі 6 метрге дейін тереңдетіліп, табаны тазартылды. Сондай-ақ су реттегіш 3 құрылғы салынды.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Қазір осы іс-шаралардың арқасында үлкен судың көлемі тез өтіп, қазіргі таңда 3 метр 50 сантиметрге яғни 1 метр 60 сантиметрге түсіп отыр. Сондықтан қауіп Атбасар қаласына, оның тұрғындарына жоқ деп толықтай айтуға болады.
Бұдан бөлек шағын шаһардағы мектеп жанындағы өзен арнасын бекіту жоспарланып отыр. Бұл су басу қаупін сейілтеді, дейді мамандар. Ал сол аумаққа жағажай мен саябақ салынбақ.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный