Алматыда бітімгерлерді шығарып салу рәсімі өтті
Қазақстандық бітімгерлер Голан жотасына аттанады.
Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясы аясындағы міндетті орындауға аттанған екінші ұлттық контингент. Бүгін Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында оларды шығарып салу рәсімі өтті. 139 әскери қызметкер БҰҰ-ның контингентінің жауапкершілік аймағында бітімгершілік міндетін атқарған қазақстандық әріптестерін алмастырады.
Контингенттің жеке құрамын ауыстыру екі кезеңде жүзеге асырылады. Алдымен барғандар аймақтағы жағдайды түгел зерттеп болған соң техника мен құрал жабдықты алып соңынан екінші топ аттанады. Әскери қызметкерлердің барлығы өз еркімен баруға ниет білдірген. Басты талап денсаулығы мықты және физикалық тұрғыдан шыныққан болуы шарт. Олардың арасында нәзік жандылар да бар. Солардың бірі әскери медициналық қызметкер Анаргүл Көшер.
Анаргүл Көшер, әскери медициналық қызметкер:
- 5 жылдай дайындалдым. Қобалжыдым. Қорқыныштар да болды. Бірақ осы Голан жоталарына тезірек барып, өз дайындығымды жоғары деңгейде көрсетіп, өз еліме мақтанышпен абыроймен келуді тілеймін.
Әскери қызметшілердің міндетіне миссияның жауапкершілік аймағын патрульдеу, жол тосқауылдарын күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, БҰҰ-ның қызметкерлерін алып жүру және эвакуациялау кіреді. Оны орындау үшін бітімгерлер қару-жарақ, әскери техника, байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Жәнібек Нұрланов, Екінші ұлттық бітімгершілік контингентінің командирі:
- Біз баратын контингенттің штаты 139 адам. Біз бірақ та оларды резервпен бірге аламыз. Өйткені жағдайлары әртүрлі болуы мүмкін дайындық кезінде. Біреудің денсаулығы жарамай қалады біреуі психол. мор. плане дайын болмай қалады. Сондықтан біз әрбір салаға мамандық бойынша қараймыз. Медиктер жәрдем көмегін көрсетеді. Саперлар бар олар жарылғыш заттарды тауап, орындарына апарып жарып сондай міндеттерді атқарады.
Еске сала кетейік, бұл Израиль мен Сирия арасындағы даулы аумақ. Теңіз деңгейінен мың метрден астам биіктіктегі 2 мың шаршы шақырымға жуық вулканды таулы үстірт. Голан жотасының басым бөлігі қазір Израильге қарайды. Ал шығыс бөлігін Сирия бақылайды. Бітімгерлік операциялар орталығының хабарлауынша қазір ол жерде жағдай тұрақты.
Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев