Атырау облысында 700 мопед тіркелді

Атырау облысында 700 мопед тіркелді, деп хабарлайды 24KZ. 5 сәуірден бастап тіркеу нөмірін алмаған мопед иелеріне 25 әкімшілік хаттама толтырылды. «Рейдтік іс-шаралар одан әрі қарай жалғасып, тіркелмеген мопедтер айыптұрағына қойылады», – дейді полиция қызметкерлері.

Еске салайық, былтыр өңірде 147 жол апаты осы мопедтердің кесірінен болған. Ал биыл жыл басынан бері мұндай 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп 5 адам дене жарақатын алған.

Жеңіс Дәулетов, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы:

- 5 сәуірден кейін осы күнге дейін 25 құқықбұзушылықтар анықталып тұр. Оның 12-сі мопед көлік құралдарын басқарған кезде жүргізуші куәліктері жоқ, 13-і мопед көлік құралдарының тіркелмей жүргені анықталып отыр. Осындай уақытта оларға мопед көлік құралдарын ақылы тұраққа қояды, содан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.