Студенттер майдангерлер жайлы кітаптың жарық көруіне атсалысты
Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін кейінгі ұрпақ ұмытпайды. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттері соғыс тауқыметін көрген ата-әжелері жайлы естелік кітаптың жазылуына атсалысты.
Әр үш жыл сайын толығып отыратын мемуардың биыл үшінші томы жарыққа шығады. Бұл жөнінде бүгін жоғарғы оқу орнының Астанадағы филиалында өткен халықаралық ғылыми конференцияда айтылды. Іс-шара Жеңістің 80 жылдығына орй ұйымдастырылған. «Ломоносов – 2025» атты дәстүрлі конференцияда іргелі математиканың заманауи мәселелері, Еуразияның тарихы мен мәдениеті және Қазақстанның экономикалық дамуы тақырыбы талқыланды. 2005 жылдан бері өткізіліп келетін ғылыми конференцияға 55 шетел университеті, 8 мыңнан астам жас ғалым қатысып, 6 мыңға жуық баяндама жарияланыпты.
Александр Сидорович, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Астана филиалының ректоры:
- Биыл конференциямыз Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналып отыр. Бұл біздің ортақ жеңісіміз, халықтарымыздың жеңісі. Студенттеріміз бүгінде игілікті бастамаға атсалысып жатыр. Соңғы бес жыл бойы соғыс естеліктерінің кітабын жариялап келеміз. Жастар өздерінің соғысқа қатысқан аталары мен тылда еңбек еткен туыстары жайлы естеліктерін жазады. Бұның өзі нағыз тарихи жазба саналады емес пе?