Президент Шымкентте көші-қонды бақылауда ұстауды тапсырды
Шымкенттегі конгресс-хол енді Tulip Hall емес, «Қызғалдақ» деп аталады. Бұл – жергілікті халықтың қалауы. Жұртшылықпен кездескен Президент олардың ұсынысын қабыл алды, деп хабарлайды 24kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұндағы тұрғындарды еңбекқор, таза әрі іскер адамдар ретінде білетінін айтты. Бұған ел аузында Шымкенттің «кәсіпкерлердің отаны» аталуы дәлел. Өйткені қала экономикасының жартысынан көбі іскерлердің еншісінде. Мегаполисте 140 мыңға жуық шағын-орта бизнес нысаны бар. Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды. Былтыр экономика 11%-ке өскен. 300-ден аса инвест-жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 770 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғаны тағы бар. Мұнда табиғи өсіммен бірге көшіп келушілер де көп. Сондықтан Президент миграцияны бақылауда ұстауды тапсырды. Себебі, әлеуметтік инфрақұрылымға күш түседі.