Дженнифер Лопестің концертіне билеттер бірнеше сағатта сатылып кетті
Астанада өтетін айтулы шараға билет қалмады, деп хабарлайды 24kz.
Желі қолданушылары Дженнифер Лопесті көре алмайтын болдық деп налып отыр. Бүгін 11:00-де сатылымға шыққан билет 3-4 сағаттың ішінде сатылып кеткен көрінеді. Ал, Ticketon өкілдері бұған ұйымдастырушы бөлген квотаға аншлаг деп жауап қайырды. Енді қайтпек керек?
Әлемдік жұлдыз үшін 400 мың теңгенің құны жоқ. Жазға салым бас қалада өтетін Джей Лоның концертіне 10 билет алған Фарида Закенова осылай деді. Алайда мына қызықты қараңыз. Астаналық ару елден ерте қимылдағанның өзінде 10 орынды бір қатардан ала алмаған. «Джениферді жалғыз көрген бір басқа, жора-жолдаспен көрген бір бөлек», - дейді.
Фарида Закенова, қала тұрғыны:
- Билеттер сатылымы бүгін сағат 11:00-де басталды. Таңмен таласа күткен жұртшылық алғашқы минуттардан ақ сайтқа бас сұқты. Ticketon компаниясының мәліметінше, 50000-нан аса адам билет алмақ болған. Бұл Астана Арена стадионының сыйымдылығынан 2 есе көп.
Freedom Ticketon компаниясы:
- Сайтқа келушілердің саны көп болуына байланысты виртуалды кезек қолданылады, ол бір уақытта сайтқа кірген пайдаланушылар санын шектейді. Бұл шара сайттың қалыпты жұмысын сақтап қалуға көмектеседі. Компания көрермендерден осы жағдайды түсіністікпен қабылдауды сұрайды.
Желі қолданушыларының айтуынша, билет 3-4 сағатта талан-таражға түскен. Оның өзін бағы жанып желіге қиындықсыз кіргендер алды. «Джей Лоны көрмейтін болдық», - деп билет ала алмаған ағайын көп. Осыны көрген алып сатарлар бас көтерді. Иә, ширақ қимылдағандар енді билетті әлеуметтік желіде сатуға көшті. Алайда оның бағасы 2 есе, тіпті 5 есе қымбат. Ал Тикетондықтар ұйымдастырушы бөлген квотаға «аншлаг» деп жауап қайырды. Сауық-сайран үшін сенімсіз жерден билет алып сан соғып қалмайық.