Елімізде алдағы алты жылда жұмысшы мамандарға сұраныс артады
Алдағы 6 жылда кадрларға сұраныс артып, 1,6 миллионға жетеді, деп хабарлайды 24kz.
Оның 900 мыңға жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге, ал 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелеріне тиесілі болмақ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен денсаулық сақтау салаларында аса сұранысқа ие болады. Дегенмен, жауапты ведомство, маман тапшылығын болдырмау мақсатында бірқатар жұмысты қолға алған. Мәселен қазірдің өзінде бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін өткізіп, кәсіптік стандарттарды жетілдіруді бастап кетті. Сондай-ақ цифрландыруға бет бұрған заманда Еңбек министрлігі саладағы сандық жүйені меңгеруге ниетті. Бүгінгі күні үйден шықпай-ақ, тұрғындар өз түйіндемелерін арнайы платформаға орналастырып, жұмыс іздей алады. Ал жұмыс беруші өзіне қажетті маманды таңдап ала алады. Қазір бір ғана Астана қалалық Еңбек мобильдігі орталығында 731 жұмыс беруші 5 мыңнан астам бос жұмыс орынды ұсынып отыр.
Бағила Орымбетова, қалалық «Мансап» орталығының басшысы:
- Өтініш білдіріп келген, жұмыс іздеп келген азаматтар арасында барлығы есепші, заңгер емес, әрине. Техникалық персонал ішінен де, еден жуушы жұмыс қарап жүргендер, қарауыл да бар. Бізде жыл басынан 16 мыңға жуық жұмыссыз азамат қатарында есепте тұр. Оның 4 мыңнан астамы бізде жұмыспен қамту белсенді шараларымен қамтылған. Арасында жастар да бар. Зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарымыз да бар, жұмыспен қамтылған және 9 мыңнан астамы жұмысынан айырылған жағдайына байланысты әлеуметтік төлем алып жатыр.