Шымкент қаласының өндірістік әлеуеті қарқынды дамып келеді
Шымкент құрылыс қарқыны күшейіп, өндіріс өркендеген мегаполиске айналуда, деп хабарлайды 24kz.
Оңтүстік шаһарға арнайы барған Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін шаһарда бой көтерген жаңа тұрғын үйлердің сапасын, индустриалды аймақтардағы өндіріс барысын бағамдады. Мемлекет басшысының назарына медицина саласындағы жетістіктер де ұсынылды.
Соңғы жылдары Шымкентте құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жаңа шағынаудандарда тұрғын үйлер бой көтеріп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Солардың бірі – Ақжайық мөлтек ауданы. Мұнда жоспар бойынша 35 тұрғын үй салу көзделген. Қазір соның 26-сы толық аяқталды. Айта кету керек, осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамтуды міндеттеген болатын. Бүгін сол тапсырманың орындалу барысын Президенттің өзі келіп көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев дайын пәтерлерді аралап, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйімен танысты.
Олжас Тәжібаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы:
- Жоспарымыз бойынша бұл жерде 320 орынға шақталған балабақша салынады. Сонымен қатар 200 адамға арналған перинаталдық орталық салынады.
Шымкент өндіріс ордасына айналып келеді. Қала бүгінде индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарды дамытып, нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Солардың бірі – «Тассай» индустриалдық аймағы. Мұнда қазір 33 кәсіпорын жұмыс істейді. Индустриалды аймаққа арнайы ат басын бұрған Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібі салаларының даму барысымен танысты. Атап айтқанда, Президентке жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары индустриясы, машина жасау, металлургия, жиһаз өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобалар ұсынылды. Солардың бірі – құрылысқа қажетті экологиялық таза өнімнің 15 шақты түрін шығаратын кәсіпорын. Қазір Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Астана және Алматы қалаларын отандық өніммен қамтып отыр. Тауарға деген сұраныс жоғары. Алайда кәсіпорынның жылдық қуаттылығы әзірге 5 мың тонна. Ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге бұл аздық етеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін екі есе арттырып, экспортқа да өнім шығаруды жоспарлап отыр. Тіпті арнайы келісімге де отырған.
Қанат Сұлтанқұлов, кәсіпкер:
- Өзбекстандық әріптестерімізбен келісім бар. Бірақ біз әуелі ішкі нарықты қамтамасыз етеміз деп шештік. Сол себепті біз жаңа зауыт соғамыз деп отырмыз биыл. Индустриалдық аймақтан қалалық әкімшіліктің қолдауымен жер алдық. Тауарға сұраныс өте үлкен бізде. Сол себепті СҚО, Орталық Қазақстан сол нарыққа да кіру үшін Астана қаласында да зауыт соғамыз деп шешіп отырмыз. Әрине, маман тапшылығы бар. Біз сол жергілікті тұрғындарды алып, соларды үйретіп, бұл қиыншылықтан шығып жатырмыз деп айтсақ болады.
Бұл индустриалдық аймақта алпауыт компаниялар да жұмыс істейді.
Риат Шони, тілші:
- Шымкент қаласының өндірістік әлеуеті қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы табысты жобалардың бірі – трансформатор зауыты. Орталық Азиядағы баламасы жоқ кәсіпорын. Былтыр зауыт Қазақстанда тұңғыш рет қуаттылығы 250 мегавольт ампер, кернеуі 500 киловольт болатын алып автотрансформатор жасап шығарған. Бүгінде мұндағы өнімнің 80%-і ішкі нарыққа сатылса, ал 20%-і сыртқа экспортталады.
Бұл зауыт жылына 40 мың трансформатор шығаруға қауқарлы. Ал ішкі нарықтың қажеттілігі бүгінде 7 мыңға жуық. Сондықтан өнімнің негізгі бөлігі экспортталады. Бүгінде кәсіпорын 185 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Сайдулла Қожабаев, Alageum Electric компаниялар тобының негізін қалаушы:
- Біздің бүгінгі күні жалпы кірісіміз 300 млрд теңгені құрайды. Ол деген бір 600 миллион долар деп айтсақ болады. Жылдық табысымыз. Келешекте осы Алматы қаласынан, Астана қаласынан, осы жаңағыдай ғылыми, дәл айтқанда, инженер дайындайтын мектеп жасап, соларды іске қоссақ деп отырмыз. Қазір Британияның үлкен университеттерімен келісімшарт жүргізіп жатырмыз.
Шымкент – еліміздегі медицина өнеркәсібін дамыту бойынша көшбасшы өңірлердің бірі. Қаланың отандық фармацевтика саласындағы үлесі қазір 35,7% жетеді. Осы саладағы өнімдер бүгін Президент назарына ұсынылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бинт бұйымдары мен титан импланттарын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Қазір бұл кәсіпорын медициналық мақсаттағы бұйымдардың 35 түрін өндіреді.
Ғалымжан Таласов, компания директоры:
- Біз шығаратын импланттардың түрі тек қана сүйекпен байланысты. Ол травматология және нейрохирургия саласында қолданылады. Осы саланы зерттеп көргенде 19-20 млрд теңгедей жыл сайын мемлекет қаржы бөледі. Бұл заттар көбінесе Польша елінен кіріп жатыр Қазақстанға.
Осы зауытта шығатын бұйымдарды ертеңгі күні пайдаланатын болашақ дәрігерлер дәл қазір білім алып, алғашқы қадамын да бастап жатыр. Жаңадан бой көтерген заманауи Оқушылар сарайында медицинаға қызығушылық танытқан жас өрендер теориямен ғана емес, тәжірибемен де шыңдалуда.
Динара Исаева, оқушы:
- Менің қазір жұмыс істеп жатқаным – ол лапароскоп аппараты деп аталады. Бұл аппаратпен хирургиялық кіші операциялар жасалады. Ол кіші операциялар инвозивті әдіспен жасалады. Медицинада бұл кеңінен таралған. Хирургиялық операцияларды жасау үшін қазірден бастап қолды жаттықтыру үшін қажет.
Бұл Оқушылар сарайы Шымкентте Президент тапсырмасы бойынша бой көтерген. Қазір мұнда 6 бағыт бойынша 65 үйірмеде 5 мыңға жуық оқушы қосымша біліммен қамтылған. Соның 166-сы ерекше қажеттіліктері бар балалар. Олар үшін мұнда психологиялық қолдау көрсетіледі.
Данияр Егізбаев, №2 оқушылар сарайының директоры:
- Ерекше балаларымыз 4 бағытта қатысады. Ол құмыра жасау, сурет салу, үстел теннисі үйірмелері. Одан бөлек сенсорикалық кабинетте реабилитация жасайды.
Шымкент – бүгінде серпінді құрылысымен, қарқынды өндірісімен және заманауи әлеуметтік нысандарымен елдің дамушы мегаполистерінің біріне айналып отыр. Мемлекет басшысының бұл сапары атқарылған ауқымды істерге баға беріп қана қоймай, жаңа белестерге жол ашатын сенімді серпін болды.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Ділмұрад Сейдаханов, ПТРК