Биылғы жылыту маусымы ойдағыдай өтті
Биылғы жылыту маусымы ойдағыдай өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту мен «жасыл» энергетиканы дамытуға дайындық жұмыстары басталды. Жылыту маусымына ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. 10 энергия блогы, 55 қазандық және 45 турбина күрделі жөндеуден өтті.
Маңыздысы 12 жылу электр орталығының ахуалы түзелді. Бұлардың қатарында Екібастұз, Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Атырау, Риддер, Кентау және басқа да стансалар бар. «МАЭК» ЖШС, Ақтау жылу желілері және Степногорск, Теміртау ЖЭО айрықша назар аударылды.
Енді келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. 10 энергетикалық блок, 63 қазандық және 39 турбинаны жөндеу жұмыстары жоспарланған, кейбір жұмыстар қазірдің өзінде жүріп жатыр. Орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 66 жылу орталығында 53 қазандықты жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жоспарланған.
Күн жылынған соң 17 мың шақырым электр желісі мен 323 шақырым жылу құбыры жаңартылады.
Жалпы 2029 жылға дейін Ұлттық энергетиканы жаңғырту ұлттық жобасы аясында жалпы бюджеті 4 трлн теңге болатын 77,5 мың шақырым электр желісі мен 1,6 мың шақырым жылу желісі жаңартылады.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша 2024 жылы 153 нысан 7,58 млрд кВт·сағ немесе жалпы өндірістің 6,43%-ы өндірді. 8 жаңа станция іске қосылды, биыл тағы 9-ы іске қосылады.