Ырғыз ауылының тұрғыны өз қолымен трактор құрастырды

Ақтөбе облысының ауылының тұрғыны Жағыпар Қәдіров өз қолымен шағын трактор құрастырып шығарды, деп хабарлайды 24KZ. Әуесқой өнертапқыш төл техникасын жеке шарушылығында пайдаланады. Ырғыздық шеберді аудан халқы жақсы таниды. Автокөліктерін, тұрмыстық техникаларын жөндету үшін көбі Жағыпарға келіп жүгінеді.

Мына шағын тракторды Жағыпар Қәдіров екі айдың ішінде жинап шықты. Қалған-құтқан техника бөлшектерінен өз қолымен құрастырып жасаған. Мысалы, беріліс қорабы Луаз көлігінікі, ал жүк салғышын металдан өзі істеп алыпты.

Жағыпар Кәдіров, Ырғыз ауылының тұрғыны:

- Шопандарға су тартатын, малды суаратын, бұл ертеде болды. Сол кездегі моторлар. Бір цилиндр, бензин көп жемейді. Бір қыстық шөп алуға, мысалы, 15-20 сиырың болса, бір қыстық шөпке 10 литрлік канистра бензин жарайды. 

Бұл трактор шебердің жалғыз туындысы емес. Жағыпар Қәдіров балық аулауға, аңшылыққа әуес. Сондықтан автоматты қармақ ойлап тапқан. Шағын мотор қармақты өз көтеріп түсіреді. Ілмектегі балықтың жем азығы қозғалып тұрады. Ал енді өз қолымен жасаған электрлі ет турағышы да үй тұрымысында нағыз қажетті құрал.

Жағыпар Кәдіров, Ырғыз ауылының тұрғыны:

- Негізі мен аңшылыққа құмармын. Хоббиім аңшы. Далаға көп шығам, сондықтан снегоход жасағым келді. Енді ол ойымда бар. «Гусеницасын» жасау керек. Оған, әрине, ең бастысы мотор машинанікі, Қалғаны «гусеница» қолдан жасалуы керек. Түрлі темірлерден. 

Әке тәлімін алып өскен балалары да техникаға жақын. Ортаншы ұлы Асылбектің мамандығы автоэлектрик. Бүгінде ол әкесіне қолғанат. Ауыл маңынан республикалық маңыздағы күрежол өтеді. Сондықтан олардың ауласы ақаулы көліктен арылмайды.

Асылбек Жағыпарұлы, Ырғыз ауылының тұрғыны:

- Техниканы меңгеруіміз – осы әкеміздің арқасы. Әкеміздің қасында жүріп, бәрін үйрендік. Әртүрлі машиналар келеді. Көбінесе барып көмектесеміз. Кейде енді қиын жағдай болып жатса, осы гаражға әкеліп, оңдаймыз, қараймыз жабылып. Менің ағам бар негізі, ол да техникамен айналысады.  

Аудан орталығында мұндай шеберлер некен-саяқ. Сондықтан бұл үйге көліктерін жөндеп беруін сұрап келушілер көп.

Алтынбек Жақып, Ырғыз ауылының тұрғыны:

- Барлық жағынан жасайды. «Ходовкасын» да, тоқ жағынан да, қолынан келеді бәрі де. Осыған айтып, көбі осыған келеді ғой. Ауылға қолынан іс келетін азаматтар керек енді. Қашық жерге барғанша осы жақын жерден жасатқан жақсы ғой.

Жағыпар Кәдіров өз тракторын әлі де жетілдіре түспек ниетте. Болашақта аяқжолдарды қардан, шаңнан тазартатын сыпыртқы құрылғысын орнатуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев Наталья Салькова, Болат Молдагалиев