Бозжыра шатқалында визит-орталық салынады

Маңғыстау өңіріндегі көрнекті мекенде қонақтар үшін қолайлы жағдай жасалмақ, деп хабарлайды 24kz.

Мұнда 2027 жылға дейін қонақүй, этнодәмхана және глэмпинг қалашығы бой көтереді. Орталықтың іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, жаңа нысанның туризмнің дамуына серпін береріне сенім білдірді.

Аймақ басшысы Қарақия ауданына жұмыс сапарында Бозжырада салынатын визит-орталықтың жобасымен танысты. Бұған дейін Мемлекет басшысы таулы алқаптың сұлу табиғатына залал келтірмеудің маңыздылығын ерекше атап өткен. Туристік кешен қазақстандық инвестордың қаражатына салынады.

Сәуле Жаңабаева, жоба жетекшісі:

- Осы ауданның ақсақалдарының батасымен бүгінгі іс-шарамыз басталды. Визит-орталық жоспар бойынша 18 ай деп отырмыз. Бірінші кезеңі визит орталықты тұрғызу. Одан кейінгі қалғаны глэмпингтерді тұрғызу болып табылады.

Визит-орталықтың жалпы аумағы 450 шаршы метр. 50 қонақ бөлме, 17 глэмпинг павильоны мен этнокафе саяхаттаушыларға тәулік бойы қызмет көрсетпек. Ең маңыздысы туристік жоба экологиялық талаптарға сай келеді.

Шәріп Ақжігітов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Жаңаөзен қаласы – моноқала. Оның бер жағында Маңғыстау облысына мұнайға тәуелді болмай, одан шығудың бірден бір жолы – туризмді дамыту. Сондықтан бұл жаңа бастамасы. Мұның артынан Кендірлі қалашығы салынса.

Сонымен қатар Бозжыра шатқалына баратын жол бойында қызмет көрсету орталығы пайда болады. Қоғамдық тамақтану орны және шағын демалыс орны бар нысан 2026 жылы қолданысқа беріледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев