Петропавлда 371-ші атқыштар дивизиясының жауынгері тұрады

Фёдор Щеглов қан майданға 17 жасында түсіп, Германиядағы шайқастарға қатысқан, деп хабарлайды 24kz.

Бірақ ол үшін Жеңіс күні ұзаққа созылмады. Сол кездегі жас жігіт бірден Жапонияға қарсы соғысқа аттанады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Фёдор Щегловтың отбасында еркек кіндіктің бәрі соғыста болды. Әуелі әкесі мен екі ағасы қатар шақыртылды. Кейін өзі де қолына қару алды. Ол қан майданда 371-ші тқыштар дивизиясы қатарына қабылданды.

Фёдор Щеглов, соғыс ардагері:

- Мені соғысқа қараша айының қара суығында алып кетті. Қар жауып, күн аяз болды. Петропавлдан бір топ жігіт болып, Уфадан 37 шақырым жердегі «Алкина-2» станциясына келіп тоқтадық. Осылай майданның ортасына түстік. Енді ондайды көрсетпесін. Бейбіт күн болсын.

Қарт майдангер Жеңіс күнінен кейін Жапонияға қарсы соғысты. Үйіне аман-есен оралған ол құрылыс саласында еңбек етті. Биыл 98 жасқа келеді. Бірақ әлі тың. Қимылы ширақ.

Надежда Гордеева, ардагердің қызы:

- Біздің отбасымызда Жеңіс күні – ең қастерлі мереке. Мамырдың 9-ы жақындарымызбен жиналып, әкемізге құтты болсын айтамыз. Ол соғыс жайлы көп айтқысы келмейді. Тек немерелері ес білгенде бірен-саран естелігімен бөліскені бар.

Солтүстік Қазақстан облысында 3 соғыс ардагері қалды. Үшеуі де Петропавлда тұрады. Мереке қарсаңында оларға 5 млн теңгеден беріледі.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков