Шымкенттегі жаңа асфальт жылға жетпей бүлінді
Шымкентте жаңа асфальт жылға жетпей бүлінді. Тассай шағын ауданының тұрғындары көлік қозғалысы қиындап кетті деп отыр.
Жаңа жолдың сапасы сын көтермеді. Айбын көшесіне төселген асфальттың алғашқы жауын мен ақ қардан соң ой, шұңқыры шығып жатыр. Қуанышы көпке созылмаған тұрғындар тереңдігі 1 метрдей болатын ойықтардан адам өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады. Асфальттың ойық-шұңқыры көбейгенде көлік қозғалысы қиындады. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған жанға жедел-жәрдем қызметі жете алмай қаңтарылып қалады.
Орақ Ахметов, қала тұрғыны:
- Көше толып ойнайды. Оны аңдып, қарап отырмаса самокаттың екпінімен келіп түсіп кетсе не болады?! Менің жас шөберем түнде ауырып қалып, жедел жәрдем шақырдық. Көлік жүре алмайды ғой. Дәрігерлерді жаяу жетектеп келдік.
Ұзындығы 900 метрге жететін көшенің үштен бірі осындай күйде. Тұрғындардың пікірінше жолдың алғашқы жамылғысы нығыздалмай жатып асфальт төселген.
«Кішкене ковшпен келді де бетін жапты да кетті. Мен сол кезде айттым. «Ой көке, ешнәрсе болмайды, бәрі ойдағыдай болады» деп- кетті міне», - дейді тұрғын.
«Айбын көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары былтыр қазан айында аяқталды. Оған дейін кәріз жүйесі тартылып, құдыққа құбыр қосу ісін абоненттер өздері атқарды. Бірақ асфальт төселместен қазылған жол бөлігі бүлінуге алып келді», - дейді сала мамандары. Енді мердігер кепілдік мерзімге сәйкес асфальтты қалпына келтіреді.
Бағдат Орынбай, қалалық Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бас маманы:
- Қайта нығыздау жұмыстары біздің орташа жөндеу жұмыстарының аясына мүлде кірмейді. Мұны тұрғындар өз есебінен жүргізуі керек болған. Тапсырма берілді. Мердігер өзінің асфальтын қайта қалпына келтіреді. Негізгі жұмыс 2-3 күн уақыт алуы мүмкін. Бірақ біз табиғи нығыздалуын күтеміз.
Былтыр Тассай тұрғын алабындағы инфрақұрылымды жақсарту үшін 37 көшеге орташа жөндеу жасалды. Қала қазынасынан бөлінген 816 млн теңгеге асфальт төселді. Бірақ тұрғындар жол сапаға сай бола бермейтінін айтады.