Жаңа Бұқтырмада қазақ мектебі ашылды
Жаңа Бұқтырма кентінде құрылысы 3 жылға созылған қазақ мектебі ашылды.
Бұған дейін оқушылар 50 жыл бұрын балабақша ретінде салынған ескі ғимаратта білім алып келген еді. Кейінгі жылдары ескі нысанның жағдайы мүлде нашарлап, төбесінен су ағып, қабырғалары қақырай бастаған. Енді кенттегі 135 қазақ баласы жаңа, заманауи білім ордасында оқиды
Жаңа Бұқтырма кентіндегі бұрынғы қазақ мектебінің кейіпі осындай болған еді. Кезіндегі балабақша ғимараты ескі заманды еске салып, еңсені басады. Дәлізі тар, спорт залы жоқ. Құрал-жабдығы ескі. Жауын-шашында қырық жамау болған төбесінен су сорғалап, іші азынап кететін. Мұғалімдер опырылған қабырғаларды оқу плакатымен жауып амалдап жүрді. Енді ескінің бәрі артта қалды. Үш жыл бұрын басталған құрылыс аяқталып, жаңа ғимарат қолданысқа берілді. Қуанышты сәтке осыдан 35 жыл бұрын Жаңа Бұқтырмада тұңғыш қазақ мектебінің ашылуына ат салысқан ардагер ұстаздар келіп, ақ батасын арнады.
Сәуле Қабашева: «90-шы жылдары кенттегі әр үйге кіріп, қазақ мектебіне бала жинауға мәжбүр болдым»,- дейді. Кейде сынып сол беті толмай қалар ма екен деп жылап та алатын кезі болыпты. Енді бүгін еңбегінің ақталғанын көріп, өткенді күле еске алады.
Сәуле Қабашева, құрметті ұстаз:
- Ең бірінші келген күні 3 бала болды.Ертесінде бір апа келді, жетектеген немересі бар қолында. Атың кім? Папин, тегің кім –Папин дейді. Міне, бір ауыз ана тілін білмеген баласын әже үлкен ақ жауылығығын желбіретіп әкеп маған табыстап, «мынаны қазақ етіп берші»,- деді.
200 балаға шақталған жаңа мектеп барлық талапқа сай. Сыныптары кең. Компютерлік кабинеттері заманауи жарақталған. Спорт залы да ұлттық бөлмесі де, балалар ойнайтын алаңқайы да бар. Оқушылар бұрынғымен айырмасы жер мен көктей дейді.
Нұрдана Елмартқызы, 3-сынып оқушысы:
- Дәліз бізде кішкентай болды. Ол жерде қысылып, шеттен жүруге тура келді. Ал мына мектеп өте кең,тар емес, ыңғайлы ойнап, секіріп жүгіріп жүруге.
Бауыржан Оралбеков оқу мекемесінің құрылысына бастан аяқ қатысқан жұмысшы. Енді мінеки өз қолымен салған мектепте өз баласы білім алып жүр.
Бауыржан Оралбеков, ата-ана:
- Электрик болдым,сварщик болдым, басынан аяңына дейін жұмыс істеп келе жатырмын. Міне енді балаларымыз осы мектепте оқиды.
«Білім ошағында қазір 135 бала оқиды. Бала саны әлі де көбейетін түрі бар дейді» ,- дейді директор Ерлан Жанпейсіов.
Неше жыл бойы жаңа мектептің салынуы үшін жанталасқан басшы қолдау білдіргендерге ерекше алғысын жеткізді.
Ерлан Жанпейісов, №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебінің директоры:
- Өте көп жұмыстар жасалды, ата-ана тарапынан,әкімшілік тарапынан осындай жұмыстар жасалды. Әсіресе мектеп салынуына өте көп көмек жасап, қолдау көрсеткен.Хабар24 арнасына рахмет айтамын. Бүкіл ата-ана, ұжымның атынан сіздерге алғысымыз шексіз.
Жаңа Бұқтырмалық ата-аналарды алаңдатқан ендігі бір мәселе - қазақ тілді балабақшаның жоқтығы. Мұндағы бүлдіршіндер әртүрлі жастағы балалар біріктірілген шағын топта ғана тәрбиеленіп жатыр. Сондықтан көпшілік көп ұзамай осы олқылық та оң шешім тапса деген ниетте.