Жыл басынан бері Шарын шатқалына 5 мың шетелдік турист келді

Шарын шатқалына үш айда 5 мың шетелдік турист келген.

Оларды биік жартасты шатқалдар мен Шарын өзенінің аңғарындағы қалың орман және жан-жануарлар дүниесі қызықтырады. Саяхатшыларды көптеп тарту үшін ұлттық парк аумағында түрлі экологиялық жоба жүзеге асып, географиялық зерттеу жүріп жатыр. 

Шарын шатқалына деген туристердің қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Мәселен 20 жыл бұрын мұнда небәрі 800 турист келсе, өткен жылы 127 мың адам ат басын тіреген. Ал биыл 170 мың саяхатшы келеді деген жоспар бар. «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Алматы облысының Ұйғыр, Еңбекші қазақ, Кеген аудандарында орналасқан. Үкімет қаулысымен 2009 жылы парк аумағы 93 150 гектардан 127 мың гектарға дейін кеңейді. Мұнда қазір «Таза турист» экологиялық жобасы жүзеге асып жатыр.

Құтлықжан Юнусов, «Шарын МҰТП» директорының орынбасары:

- Бақылау өткізу пунктінде екі жерге келген туристерге биоыдырағыш қораптар таратылады. Сол қораптарды туристер ала отырып, өздерімен бірге алып келген тамақтарын, суларын ішіп, сол қораптарға салып, арнайы сұрыптауға арналған қоқыс орындарына тастайтын болады.

Былтыр шатқалға түсетін баспалдақ жаңартылып, туристерді тасымалдауға арналған жаңа автокөліктер сатып алуға қаржы бөлінді. Енді саяхатшыларға бұрынғыдай УАЗ көліктері емес, элекр қуатымен жүретін гольфкарлар қызмет көрсете бастайды.

Құтлықжан Юнусов  «Шарын МҰТП» директорының орынбасары:

- Сондай 5 гольфкар сатып алуға қаражат қарастырылды. Осы жақында біз конкурс өткіземіз. Сол конкурстың негізінде 5 гольфкар алынады. Егер маршрутымыз сәтті жүріп жатса, келесі жылы тағы бесеуін алып, осы түгелімен қазіргі маршрутта жүретін автокөліктердің бәрін электрлі автокөліктерге ауыстыруды жоспарлап отырмыз.

 Әлем бойынша мұндай шатқал екі жерде бар. Бірі АҚШ-тың Аризона штатында, ал екіншісі Қазақстанда орналасқан. Келушілердің көбі Шарынның тұмса табиғаты мен ерен тоғайын тамашалап, таза ауада серуендегенді ұнатады.

Кашиб Азиз, турист:

- Мен Пәкістаннан келдім. Шатқал өте әдемі екен. 1,5 сағаттың ішінде сөзбен айтып жеткізгісіз әсер алдым. Англияда жүргенімде әлеуметтік желіден Шарын туралы ақпаратты көзім шалып қалды. Алдыма міндетті түрде баруым керек деген мақсат қойдым. Шарынды өз көзіммен көргеніме қуаныштымын.

Жансая Оспан, турист:

- Шарын шатқалы жайлы көп еститінбіз. Өлім шатқалы деп те айтады. Шаршау, ешқандай уақытты құрту деген жоқ. Баршаңызға келіп көрулеріңізге кеңес беремін. Шетелге бармай-ақ, Қазақстанда осындай керемет жерлердің бар екені адамды қуантады.

«Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» аумағында қауіпті процестерді анықтап, оның алдын алуға арналған географиялық зерттеулер жүріп жатыр. Өйткені 2021 жылы мұнда алапат сел жүріп, екі адам қаза болған еді.

Кәмшат Егембердиева, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ зертхана жетекшісі:

- Осы ұлттық парктің территориясында біз 12 мониторинг жасайтын участок анықтадық. Оның ішінде әрқайсысы әртүрлі процеске арналған. Шайылу өте жылдам жүріп жатыр, мысалы сол нақты, анық көрінетін нәтижелердің бірі. Мына жерде Бұғыты тауы бар. Бұғыты тауында мына тастардың сырғып түсуі ол да нәтижесі бір жылдың ішінде көрінді.

Шарын саяхатшыларды ашық аспан астындағы мұражайға кіргендей әсерге бөлейді. Алдағы уақытта мұнда жаңа бақылау өткізу пункті салынып, үш жолақты тас жол төселеді. Екі жолақ туристердің кіруіне, енді бірі шығуға арналады. Ол өз кезегінде саяхатшылардың парк аумағына кезексіз кіріп-шығуын қамтамасыз етеді...