Голан жоталарында қызмет еткен әскерилер марапатталды
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясы аясында Голан жоталарында қызмет еткен әскери қызметшілерді марапаттады.
Министр Қазақстан армиясының халықаралық аренадағы беделін арттыруға қосқан үлесі үшін біріккен ротаның әскери қызметшілеріне алғыс білдірді.
Барлық әскери қызметшілер «Бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар әскерилер «Ел қорғаны» медалімен, «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің үздігі» және «Минасыздандырудағы ерлігі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Ведомство басшысы қолбасшылыққа тәжірибені жинақтау, жеке құрамды дайындау бойынша ұсыныстарды қалыптастыру, бітімгерлік миссиялардың тактикасына, стратегиясына және практикалық қызметіне түзетулер енгізе отырып, кешенді бағалау жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Жігер Аипов, Қазақстан Ұлттық Бітімгершілік контингентінің командирі:
- Бүгін бірінші Ұлттық бітімгершілік контингенттің жеке құрамын миссияны абыроймен атқарып келгендері құрметіне ел Президенті мен Қорғаныс министрі қабылдады. Жеке құрамның алдына қойған тапсырма толықтай орындалды. Елімізге келгенімізге өте қуаныштымыз.
Айкерім Сейсерхан, ефрейтор:
- Біріккен ұлттар құрамында медсестра болып қызмет атқардым. Қазақстан атынан шығып барғаныма өте қуаныштымын. Осы жақтан жіберген Қорғаныс министріне және Президентімізге алғыс білдіремін.