Француз велосаяхатшылары Бозжырада деректі фильм түсіреді

Маңғыстаудың көрікті мекендерінің бірі Бозжыра шатқалына Франциядан бір топ велосаяхатшы келді, деп хабарлайды 24KZ. Туристер қатарында киноиндустрия саласының өкілдері де бар. Олар Қазақстан табиғатын жақынырақ танып-біліп, шатқал туралы деректі фильм түсіруді жоспарлап отыр. Сапар аясында шетелдік қонақтар Бозжырада бой көтеретін визит орталықтың алғашқы қазығын қағу рәсіміне де қатысып, ерекше әсер алды.

Француз велосаяхатшысы, кинорежиссер Седрик Тассан бұған дейін Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанға бірнеше рет жұмыс сапарымен келген. 2022 жылы Маңғыстаудың құмды алқапты даласын жалғыз өзі велосипедпен жүріп өтіпті. Алғаш көрген бойда Бозжыраның табиғатына тәнті болған.

Седрик Тассан, велосаяхатшы:

- Сол сапардан ерекше әсер алдым. Елге оралған соң жақындарыма жеткіздім Бозжыра шатқалында түсірген фотоларды көрсеттім. Барлығы да ғашық болып, Қазақстандағы тау шатқалдарын көруге асықты. Мінекей, бір топ достарымды Маңғыстауға бастап келіп тұрмын. 

Үш жыл бұрын эстониялық слэклайнер Яан Руз Бозжыра шатқалындағы қос «азу» арасын жалғаған аспалы арқанмен жүріп өткен еді. Экстремалды спортшының бұл ерлігі туристік әлеуеті зор аймақты жаңа қырынан танытты. Арнайы түсірілген бейнеролик ғаламторда миллиондаған қаралым жинап, Бозжыраны әлемге әйгілі етті. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, шатқалда визит-орталықтың салынуы өңір дамуына серпін бермек.

Бұл бастама тек жұмыссыздықпен күреске көмектесіп қана қоймай, сондай-ақ «жабайы туризмнің» алдын алуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Шәріп Ақжігітов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Мұның артынан Кендірлі қалашығы салынса, одан басқа визит орталықтар салынса, Маңғыстаудың туризмі өте керемет дамиды деп сенеміз. Бүгінгі күннің өзінде велотурмен француздар, мексикандықтар келіп жатыр. Соның бәрін көріп жатырмыз. Соның барлығы біздің осы Бозжыраның, Маңғыстаудың жарнамасы деп білеміз.

Абат Өрісбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Бозжыра шатқалына келетін туристер, әртүрлі қонақтарға, барлығына жүйе жоқ, яғни жағдай жасалмаған. Жағдай жасалмағасын әркімнің келетін жолдары бар, мысалы. бір тәуліктің өзіне 30-дан 70-ке дейін көлік келеді. Олардың барлығы келетін бір орын жасататын болсақ, онда ол өте дұрыс болады. Себебі ол біздің табиғатымызды аялайды. Оны біз сақтаймыз.

Жоспарға сәйкес жаңа визит-орталық аумағында 50 бөлмелік қонақүй, 80 адамға арналған этнокафе және 17 глэмпинг жатын орын болады. Жобаны отандық инвестор жүзеге асырып жатыр. Нысан іске қосылғаннан кейін 50-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Этнокафе жергілікті кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынатын алаңға айналады. Бұл қадам өңірдің агротуризмін дамытуға серпін бермек. Болашақта Айрақты-Шоманай, Жығылған секілді көрікті туристік орындарда да осындай визит-орталықтар салу көзделіп отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев