Соғыс ардагері Иван Бегунов 100 жасқа толды

Бүгін Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Иван Бегуновты 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды 24KZ. Ардагердің құрметіне әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Салтанатты шараға Ардагерлер кеңесінің өкілдері, туыстары мен жақындары қатысып, ақжарма тілектерін жаудырды. Иван Бегунов майдан даласында пулеметші болып, фашизмге қарсы күресте ерлік танытқан. Ол Еуропаны жаудан азат етуге қатысып, Жеңіс күнін Прагада қарсы алған. Шара барысында әскери қызметшілер Қорғаныс министрінің арнайы құттықтау хатын оқып, ардагерге шексіз құрмет білдірді.

Соғыстан аман оралған соң Иван Бегунов құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етті. Бүгінде ол – ұл-қызынан өрбіген немере-шөберенің, тіпті шөпшектің сүйікті атасы.

Иван Бегунов, соғыс ардагері:

- Өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Жастарға айтарым, адал қызмет етсін. 9 мамыр – Жеңіс күнін асыға күтіп, теледидардан тамашалаймын.

Сайран Омарбеков, Медеу аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы тәрбие және идеологиялық жұмыс тобының басшысы:

- 100 жас мерейтой бұл тек қана жеке мереке емес. Бұл тірі тарих парағы. Мұндай жандардың біздің арамызда өмір сүруі нағыз патриотизм, ерліктің және отанға деген жарқын үлгісі деп білеміз.