Алматы облысында сары өрік гүлдеп жатыр

Алматы облысының Ұйғыр ауданы келесі жылдан бастап «Сары өріктің гүлдеуі» фестивалін ұйымдастырмақ.

Бұл Қарадала өңірінің брендіне айналған жеміс түрін кеңінен насихаттап, өнімділікті еселеп арттыруға сеп болмақ. Жергілікті билік өкілдері көтерген бастаманы аудан шаруалары да қолдап отыр. 

Ұйғыр ауданындағы тау бөктері мен бау-бақша алқаптары сәуір айында алқызыл гүлге оранады. Аудан аумағында 4300 гектар жеміс бағы бар. Соның 3500 гектарында сары өрік, қалған бөлігінде алма өседі. Жетісу облысының Сарқан ауданында жыл сайын «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалі өтеді. Ал келесі жылдан бастап Ұйғыр ауданында «Сары өріктің гүлдеуі» фестивалі ұйымдастырылмақ. Себебі сары өрік ауданның брендіне айналған өнім. 

Фархат Ақмоллаев, Ұйғыр аудандық Ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Енді бізде жылдан жылға абрикос өніміне қызығушылық артып келеді. Әр жылы кем дегенде 100–150 гектар алқапқа егеміз. Әрбір шаруақожалық, мысалы 450 гектарда қазір су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бізде негізі осы сары өрік брендіміз болып табылады.

Сайдахмет Мұстафаев, шаруақожалығының басшысы:

- Фестиваль өтсе, абрикосты бұтап, қалай дәрілермен дәрілейді, соларды көрсетіп, насихаттау жүргізсе жақсы. Елге де жақсы болады. Қазір түрлі нәрселер шығып жатыр ғой. 1 гектардан 10 тонна өнім берсек, кейін 15–20 тоннаға дейін өнім болатын шығар.

Қарадала төсіндегі несібесін жерден іздеген ағайын жыл сайын сары өріктен 20 – 22 мың тоннаға жуық өнім алады. Оның 4 мың тоннасы көршілес Ресейге экспортталса, қалғаны ішкі нарыққа шығады. Ават ауылының тұрғыны Сейдахмет Мұстафаев 2013 жылдан бері сары өрік өсірумен айналысады. Оның иелігінде 13 гектар бақ бар.

Сайдахмет Мұстафаев, шаруақожалығының басшысы:

- Былтыр Ават ауылында жақсы болды абрикос. Бізде фуралармен шет жақтарға алып кетеді. Мысалы Ресейге алып кетеді. Қарағандыға алып барады. Былтыр бізден 37 фура алып кетті. Бағасы 250 теңгеден 300 теңгеге дейін болды.

Сары өрік небәрі 10 шақты күн гүлдейді. Аудан орталығы Шонжы ауылының іргесіндегі бақтар бірнеше күн бұрын гүлдеп болды. Ал тау бөктеріндегі ауылдарда аталған жеміс ағашы әлі гүлдеп жатыр. Ұйғыр ауданының брендіне айналған өнім болғандықтан мұндағы әрбір үйдің ауласына сары өрік егу дәстүрге айналған.