Қызылорда университетінде тележурналистиканың қазіргі талаптары талқыланды
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде белгілі тележурналист, «Хабар» агенттігі Өңірлік тілшілер желісі департаментінің басшысы Талғатбек Әбдіхожаевпен кездесу өтті, деп хабарлайды 24kz.
Сыр өңіріндегі іргелі оқу орны бұл шараны «Хабар» агенттігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырған. Журналистика мамандығында білім алып жатқан студенттер үшін ұйымдастырылған басқосуда медиасаланың қазіргі ахуалы кеңінен талқыланды. Кездесу барысында Талғатбек Әбдіхожаев тележурналистиканың бүгінгі талаптары, тікелей эфирдің жауапкершілігі, репортаж дайындаудағы ерекшеліктер туралы кеңінен тоқталды. Сонымен қатар конвергентті журналистиканың мүмкіндіктері, аймақтағы және шетелдегі тілшілердің жұмысы, олардың жаңалық таратудағы рөлі жайлы маңызды мәліметтермен бөлісті. Кездесуде болашақ журналистер көкейдегі сұрақтарын қойып, тәжірибелі маманнан кеңес алды. Университет оқытушылары мұндай кездесулер студенттердің білімін шыңдап, мамандыққа деген қызығушылығын арттыратынын атап өтті.
Айнұр Досжанова, студент:
- Талғатбек Әбдіхожаев журналист әмбебап болу керек деп айта кетті. Ол дегеніміз, өздері түсіріп, өздері монтаждап, өздері журналист болып, тілші болып және жаза білу қабілеті болған жағдайда ғана ол журналист биіктерден көрініп, әмбебап журналист болуға мүмкіндік алатынын айтты.