Мәжілісте полиция қызметінің тиімділігін арттыру қадамдары талқыланды

Жергілікті полиция қызметі тиімділігін дәлелдей алмағанына байланысты таратылады, деп хабарлайды 24kz.

Оның құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған. Алайда бұл қызмет қоғамдық тәртіпті сақтап, құқықбұзушылықтардың алдын алудың орнына абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтап, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыспен айналысып кетті. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары тиісті заңнамалық түзетулер жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, салаға өзгерістер енгізуге келісті. Құжатқа сәйкес Ішкі істер министрлігі Жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырады. Сөйтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармаларын құру ұсынылып отыр. Әр қызмет өзінің тікелей міндеттерімен айналысады. Жалпы 16 заңға өзгеріс пен толықтыру енгізіледі. Одан бөлек, енді тәртіп сақшылары профилактиға басымдық беретін болды.

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Осы жылды профилактика жылы деп жариялап жатырмыз. Жетпей жатыр учаскелік полициялар, осы мәселені көтеріп жатырмыз. Қазіргі таңда профилактикалық жұмысты жоғары деңгейде жасау үшін басқа функциялардан учаскелік полицияларды босату керек. Басты себеп осы жергілікті полиция деп жатырмыз, жаңа форматта өзгеріс болады деп сенемін.

Одан бөлек, қарасора өсімдігін өндірістік мақсатта өсіруге рұқсат етілуі мүмкін. Бұл ел экономикасын дамытып, отандық әрі шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Оған дейін рұқсат етілетін каннабис өсімдігінің сорттары заң жүзінде реттеледі. Техникалық қарасораны қайта өңдеу мәселелерімен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысады. Сондай-ақ елде өзін өзі қорғау құрылымдары мен еріктілер пайда болады. Екінші оқылымда қабылданған заң елдің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған. Аумақтық қорғаныс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мобилизация, әскери жағдай мен соғыс уақытында республиканың аумағын қорғауға бағытталған.